Хабар телеарнасы

Марат Башимов: Қазақстан ең заманауи технологиялары бар АЭС құрылысын қарастырып жатыр

Алматы облысына салынатын атом электр станциясы 9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді. Қазіргі жаңа атом реакторлары су тасқыны, цунами, ұшақ апаты сынды оқыс жағдайларда жарылмайды. Мәжіліс депутаты Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстан ең заманауи технологиялары бар, жаңа буындағы АЭС құрылысын қарастырып жатыр. Одан бөлек, Оңтүстік аймақ электр энергиясын ең көп тұтынатын өңір. Сондықтан бұл өңір тапшылықты болдырмай, тиімді энергиямен қамтуға мүмкіндік алады. Өз кезегінде өнеркәсіп, инфрақұрылым дамып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етеді. Сарапшылардың айтуынша, көрші Өзбекстан жаһандық трендтерді бізден ерте бастап отыр. 

Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Атом электр станциясы дүние жүзінде барлық жерде бар. Өйткені ол халықтың болашағына көмектеседі ғой. Аймақты қарасаңыз, онда жұмыс орындары болады. Сол жердегі бизнес ауыл шаруашылығы бар. Қазір қарасақ, өзіміздің көршіміз Өзбекстан да өзінің аймақтарын дамыту үшін салып жатыр. Оның халқына керек екенін бәрі біліп отыр.

Олег Романенко, «Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығы» директорының орынбасары:
-Бұған дейін көмірдің мол қорының арқасында атом энергиясынсыз өмір сүріп келдік. Ал атом энергетикасы - сапалы және тиімді әдіс. Сонымен қатар, АЭС салу - қауіпсіз. Кез-келген мемлекет келіп, құрылысын бастап кетпейді. Үкімет алдымен мемлекет пен компаниялардың бұған дейінгі жұмыстарын қарап, дұрыс келісімдер жасайды. Сондықтан қорқудың еш қажеті жоқ.