Хабар телеарнасы

Мобилографтар байқауы жалғасып жатыр

Елімізде Президенттің мобилографы болғысы келетін жастар көп екен. Себебі Мемлекет басшысының баспасөз қызметі мен KYRAN FILMS компаниясы жариялаған байқауға қатысушылар қатары 500-ден асқан. Конкурстың бас жүлдесі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасында бір күн жұмыс істеу. Яғни, видео түсіру. Одан бөлек қаржылай сыйақы мен бағалы сыйлықтар да бар.

Мұндай уәдені жастарға Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің өзі беріп отыр. Тек жолдаған бейнеролигіңіз ерекше болса болғаны.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы:
-Мұндай бірінші рет болып тұр. Тарихта болмаған жағдай. Бас жүлдені ие болған жеңімпазға біз Президенттің бір күн бойы жұмыс жасауға мүмкіндік тудырамыз. Кім жақсы өзінің таза еңбегімен, креативтілігімен ғана көзге түседі. Соған бұйырады бұл мүмкіндік.

Ал бұл сыйлықтың барлығы өз иесін күтіп жатыр. Жүзден жүйрік шыққандар қомақты жүлдеге ие болады. Гран-при иегеріне Президентпен жұмыс істеу бақытынан бөлек, 1 млн теңге ақшалай сыйлық пен ең соңғы үлгідегі Iphone бұйырса, 2-орынға 1 млн теңге, 3-орынға да Iphone маркалы смартфон қарастырылған. 4-орын да жүлдесіз қалмайды, оған 500 мың теңге бұйырады. Жалпы 150-орынға дейін қатысушылар сыйлық бар.

Қыран Талапбек, мобилограф:
-Алғашқы видеоларды біз көре бастадық. Әлеуметтік желілерде олардың басы 100 мың, 200 мың, тіпті 400 мыңға жететіні де бар. Әрине, бізде шетелден де қатысушыларды байқауға болады. Мысалға Бакуде тұрып жатқан қазақтар немесе басқа елде тұрып жатқан адамдар. Олар «Көшпенділер ойындары туралы не білесіз?» деп көшеде адамдардан интервью алған видеоларды да байқап жатырмыз. Бұл да өзіміздің тарихи құндылықтарымызды осы әлеуметтік желідегі жаңа тілде, жаңа форматта жеткізу деп ойлаймын.

Ал 19 жастағы маңғыстаулық Бекболат Жұмабаев, мұндай республикалық конкурсқа алғаш рет қатысып отыр. Мобилографиямен айналысып жүргеніне де көп бола қоймапты. Бірақ осы байқаудан ол көп үміт күтеді.

Бекболат Жұмабаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Қазіргі қатысып жатқан мақсатым – егер де бірінші орын алған жағдайда Президенттің қасында бір күн жүріп, видео түсіру. Ал ол мен үшін өте үлкен мәртебе. Біздің түсіріп жатқан видеоларымызды көріп, бұрынғы ұлттық ойындарға махаббаты ашылады деп ойлаймын.

Президенттің бір күндік мобилографы болып, түрлі бағалы сыйлықтарды иемдену үшін тағы 3 күндей мүмкіндік бар. Сондықтан креативті жастар өзінің ұлттық спорт туралы ерекше видеосын #Nomadgamesfest хэштегімен әлі де жолдай алады. Ал жеңімпаздар Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында анықталады.

Авторлары: Дамир Берікұлы