Хабар телеарнасы

Алматыда жылу маусымына дайындық жұмыстары аяқталып келеді

Жаңа құбырлар тиісті сынақтан өтті. Енді абаттандыру жұмыстары ғана қалды, - дейді жауапты мекеме мамандары. Жалпы биыл қалада 20 шақырымға жуық жылу жүйелері жаңартылған. Олардың сапасы қандай? Қолдану мерзімі қанша?

Алматы жұртшылығы күн жылына салысымен басталатын қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарынан ығыры шығып, кептелістің көбейгеніне шағымданып жатады. Алайда бұл жұмыстар қыстың қамы, сіз бен біздің жылы үйде отыруымыз үшін жасалып жатқан әрекеттер. Жалпы қаладағы жылу жүйелерінің 58%-ке жуығы тозған, яғни қолданыста болғанына 25 жылдан асып кеткен.

Ал жаппай жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз, - дейді мамандар. Себебі қала көшелеріндегі қозғалыс одан әрі қиындап кетеді. Сондықтан биыл тек 20 шақырымға жуық жаңа құбыр төселді. Мұның өзі ескі жылу желілерін 1,8%-ке жаңартуға мүмкіндік берді. Аздан болса да, жұмысты тоқтатпау керек. Биыл сондай-ақ қаланы жылумен қамтамасыз етуде маңызды орын алатын бір сорғы стансасы модернизациядан өтті. Жөндеу жұмыстары үшін 18 мердігер компания тартылған.

Нұрлан Ағзам, «Алматы жылу жүйелері» күрделі құрылыс және жөндеу басқармасының басшысы:

- 20 шақырым, 23 нысан күрделі құрылыс. Бұл бізге не береді? Яғни тұтынушыларға сапалы жылуды жеткізу, сумен қамтамасыз ету, яғни бүгінгі таңда шамамен 1800 тұтынушы, әл-ауқаттық жағдайы жақсарады. Яғни 1021 көпқабатты тұрғын үй, 135 жеке тұрғын үй, оның ішінде 17 білім беру, мектептер, 16 балабақша, 6 денсаулық сақтау орталықтары және 612 тағы да басқа нысандар кіреді.

Достық пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы күрделі жөндеу жұмыстарын ауа райы қолайлы болса, бес күннің шамасында аяқтаймыз, – деп отыр компания өкілдері. Қазір абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Жаңа құбырлардың сапасы да талапқа сай. Ал алдағы үш жылда қалада тағы 114 шақырым жылу жүйелері жаңартылмақ.

Асылхан Омбаев, мердігер компанияның жоба жетекшісі:

- Соңғы технология бойынша жылуды сыртқа шығармайтын, орысша айтқанда преизолированный труба дейді, сол материалды қолдандық. Бұл материалдар өте шыдамды, бұйырса 30 жылдан аса қызмет жасайды деген үміттеміз.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша қаладағы жылу маусымына дайындық жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов