Талдықорған-Қалбатау-Өскемен автожолының құрылысы аяқталуға жақын
Талдықорған-Қалбатау-Өскемен автожолының Шығыс Қазақстанды басып өтетін бөлігінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазір жиекті қоршап, белгілерді қою, ауылдарға бұрылатын жолдарды салу сынды шаруалар ғана қалды. Демек Жетісу мен Абайды қосқанда үш бірдей облысты жалғастырып жатқан еліміздегі ірі жоба тұтастай аяқталатын күн алыс емес. Бұл автодәлізді жөндеу барысы Мемлекет басшысының тікелей назарында. Осы жолғы жолдауында да Президент көлік-логистика секторын дамытудың стратегиялық мәніне айрықша тоқталған болатын.
Асфальт жабындысы толық төселген трассаны алғаш сынағандардың бірі – Қалбатаудың тұрғыны Медет Жәудан. Айтуынша, осыдан 6-7 жыл бұрын ауылға тиіп тұрған Өскеменге жету мұң болған. «Шұрық-тесік жол жүйкені де, көлікті де тоздырды»,— дейді ол. Енді міне екі араны 1,5 сағатта еңсеруге болады.
Медет Жәудан, көлік жүргізушісі:
- Қазір жақсы, бір сағатта жетіп аласың. Аягөз екі ортасы тезірек бітсе екен деп тілейміз. Сол ғана қалды.
Жалпы республикалық автодәліз құрылысы елімізде 2019 жылы басталған еді. Алайда әлемді дендеген коронавирус пандемиясы салдарынан жұмыс созылып кетті. «Қазавтожол» компаниясы өкілдерінің айтуынша, індеттен соң мердігерлер арасындағы ауыс-түйіс те кері әсерін тигізді. Әйтtуір қаржылық, логистикалық мәселе реттеліп, іс қайта жанданды.
Алтай Сәркен, «Қазавтожол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:
-Негізінде бұл жолда үш слой асфальт. Соның бір жерде бір, бір жерде екі слой аяқталған кезде халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жүріске рұқсат бергенбіз. Ендігі биылғы жылы толық үш қабатпен бітіріп, толық аяқталуын жасап жатырмыз.
Ерлан Әміренов, инженерлік-техникалық қадағалау қызметінің бас инженері:
-Барлық материалдар Қазақстанда жасалып жатыр. Жол сапасы толығымен ҚР нормативтік талаптарына сәйкес, бірнеше сараптамадан өткізіп, сапасының шыққанын дәлелдеп шықтық.
Жол бойына 100-ге тарта су өткізу құбыры, 7 көпір салынды. Осы бөлікті жөндеуге 33 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалды.
Талдықорған-Қалбатау-Өскемен автодәлізі көліктік әл ауқатты, туристік кластерді көтеретін маңызды қатынас. Қазір Жетісудағы жол бөлігінде негізгі жұмыс аяқталды. Ал Абай облысындағы құрылыстың 85% бітті. Осылайша биыл жыл соңына дейін межеге сай ұзындығы 768 шақырымға созылатын бұл дәліз толық қолданысқа беріледі.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов