Хабар телеарнасы

Елде электр қуатын өндіретін қондырғылардың 60%-ға жуығы тозған

Елімізде электр энергиясын өндіретін қондырғылардың 60%-қа жуығы ескірген. Оның жартысынан көбі осыдан 30 жыл бұрын орнатылған. Бұл пайдалы әсер ету коэффицентін екі есе азайтады. Ал жел мен күн энергиясы тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етпейді. «Қазір технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Сондықтан оның мүмкіндігін біз де пайдалануымыз керек», — дейді сала мамандары. Атом электр станциясының көмегімен қуат көзін алу бойынша АҚШ көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Франция мен Жапония. Ғалымдардың айтуынша, АЭС ғылым, технология, өнеркәсіп салаларын жаңа сапалы деңгейге көтереді. 

Ертуған Үмбетқұлов, техника ғылымдарының кандидаты:
-Жаңартылатын энергия көзі қажет. Оны тоқтатпаймыз. Дамуына жағдай жасауымыз қажет. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Атап айтқанда, энергетикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Біз сала мамандары ретінде электр энергиясын тұтыну кестесін бақылап тұрамыз. Мәселен, елімізде қуат көзіне жүктеме көбейген кезде энергия 5 есе қымбаттайды. Қысқы маусымда сол бағамен Ресейден сатып аламыз. Атом электр станциясы энергетикаға қатысты осындай бірқатар мәселені шешеді деп ойлаймын.