Белсенді қариялар – қоғам қазынасы
Елдегі ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды аталарымыздың өмір жасы ұзарып келеді. Бүгінде елде ғасыр жасаған 423 қария бар. Ең жасы үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады. Биыл ол 114 жасқа келді. Қариясы көп өңірлердің көшін Түркістан облысы бастап тұр. Онда ғасырмен құрдас 64 тұрғын бар. Алматы қаласында 48 қария болса, үштікті 100-ден асқан 38 қарты бар Алматы облысы тәмамдайды. Ал қарияларымыз бос уақытын қалай өткізеді?
Мәрия Сырымованың қолөнерге деген қызығушылығы зейнетке шыққанда оянды. Бұған дейін тек сандармен жұмыс істейтін қаржыгер белсенді өмір сүру орталығында өзімді өзгеше қырдан таныдым, - дейді. Бастысы – ол жанға жайлы орта тапты.
Мәрия Сырымова, зейнеткер:
- Ортаны тауып, бір жанұя сияқтымыз қазір. Бір күн келмесек, бір-бірімізді сағынып тұрамыз.
Зейнеткердің олай деуі тегін емес. Бір ғана белсенді өмір сүру орталығына күніне 500-ге жуық қария келеді. Ал елімізде мұндай 92 орталық бар. Онда қарттар шахматтан бастап тоғызқұмалақ, айкуне, би сынды 20-дан астам түрлі үйірмеге қатыса алады.
Ғаният Насыров, зейнеткер:
- Бұл орталыққа осы түрлі-түрлі үйірмелерге келген кезде біз қайтадан бұрынғы өзімізді қария, қарт ретінде сезінбейміз.
Нәзипа Медетова, зейнеткер:
- Біздер кәдімгі жас балаша оқушылар сияқты сол кісілердің айтқанымен жүріп жатырмыз. Орталық бізге жақсы әсер сыйлап жатыр.
Қазыналы қарттарымыз дәстүрді дәріптеуді ұмыт қалдырған емес. Сондықтан орталықтағы зияткерлік клуб мүшелері білім ошақтарына жиі барамыз,- дейді.
Тұрсын Сүлейменова, зейнеткер:
- Терең тарихымызды біздің, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жастарға қалдыру үшін өсиет етіп, әрбір сабақты өткіземіз.
Осылайша белсенді өмір сүру орталықтары қарттарға денсаулығын нығайтуға ғана емес, рухани байып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға да жол ашып отыр.
Дана Әлиева, Азамат Саметов