Алматыда 624 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр
Алматыда 624 референдум учаскесі жұмысын жалғастырып жатыр. Мегаполисте референдумға қатысатын азаматтардың жалпы саны 1 млн 260 000. Яғни осынша адам дауыс беруге құқылы.
Алматы бойынша 624 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 549-ы азаматтардың тұрақты тіркеу орындарында, 75-і уақытша болатын орындарда құрылған. Айта кетейік, 40 учаскеде ешқандай жерде тіркелмеген азаматтарды тіркеу бойынша сервистер ашылды. Оған қоса 172 учаскеде тіркеуді тексеру сервисі орнатылды. Тұрғындар өзін дауыс берушілер тізімінен таппаған жағдайда осы қызметті қолдана алады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың келуіне барынша жағдай жасалды. Мүгедектігі бар адамдарды тасымалдаумен 100 «Инватакси» көлігі айналысуда. Қалада референдум барысын 21 байқаушы ұйым өкілдері қадағалады. Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалиннің айтуынша, әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын пайдалануы тиіс.
Нұрлан Оразалин, ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері:
-Отанның алдындағы дауыс беру құқы деген осы. Бұл демократиялық құндылық деп есептейміз. Бүгінгі референдумда халықтың, елдің, мемлекетіміздің, жалпы Отанымыздың бір кезеңде өзінің таңдау жолын анықтайтын сауал алдымызда тұр. Мен өз көзқарасымды, өзімнің конституциялық құқымды пайдаланып келіп дауыс беріп отырмын.
Біз тұрған №832 референдум учаскесінің төрағасы Эльмира Атханованың айтуынша, мұнда КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов зайыбымен келіп өз таңдауын жасаған. Сондай-ақ ақын Шөмішбай Сариевтің жары жанұясымен келіп дауыс беріп кеткен.