Референдумға шымкенттіктер белсенді қатысып жатыр
Шымкентте 344 референдум учаскесі жасақталған. 660 мыңнан астам азамат өз таңдауын жасауға құқылы.
Қала халқы бүгінгі республикалық референдумда белсенділік танытып жатыр. Осы уақытқа дейін тұрғындардың басым бөлігі өз таңдауын жасап үлгерді. Мәдениет саласының қызметкерлері референдум учаскесіне ұлттық киім үлгісімен келуді ұйғарған. Ал театр әртістері қазақтың үш бидің образын сомдап, учаскелерді аралап жүр. Референдум учаскелерінің аумағында азық-түлік пен кондитерлік өнімдер жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Сонымен қатар леңгі тебу, асық атудан сайыс ұйымдастырылып, өзге де ұлттық ойындар ұлықталуда.
Мұхтархан Ділдәбеков, Қазақстан Бокс федерациясы президентінің орынбасары:
- Референдум – дамыған мемлекеттерде халық пен билік арасындағы байланыс. Бүгін біз учаскеміздің алдына келіп, өзіміз спортшы болғандықтан ұлттық ойынымызды дәріптеп жатқан жайымыз бар.
Қаладағы 344 референдум учаскесі кешкі 20:00 дейін жұмыс істейді. Аурухана, тергеу изоляторы және әскери бөлімде тіркелген азаматтар толық дауыс беріп үлгерсе, учаскелер уақытынан бұрын жабылуы мүмкін.