Хабар телеарнасы

Үкімет кәсіпкерлерді балаларға арналған лагерь салуға шақырды

Үкімет кәсіпкерлерді балаларға арнап лагерь салуға шақырды. Құрылыс шығынының 10% мемлекет есебінен өтеп беруге уәде етіп отыр. Бұл ескірген және талапқа сай емес демалыс орталықтарының мәселесін шешудің бір жолы ретінде қарастырылады. Ұсыныс қаншалықты қолдау табатынын алдағы уақытта көреміз. Биылғы демалыс маусымына дайындық қандай?

Балалардың жазғы демалысы. Оның ойдағыдай өтуі үшін қазір Оқу-ағарту министрлігін қоса алғанда Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдіктері жалпы 9 мемлекеттік орган соңғы дайындықты пысықтауда. Бірлескен арнайы республикалық штаб құрылыпты. Елімізде қазір 3,8 млн оқушы бар. Соның 2,9 млн-ы үшін жазғы демалысты ұйымдастыру жоспарланған. Ол үшін 10 мыңнан астам маусымдық демалыс орталығы ашылады. Сондай-ақ қала сыртындағы 182-і лагерь бар.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Өңір әкімдері балаларды, ең алдымен әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды жазғы демалыспен және еңбекке баулумен барынша қамтуға тиіс. Демалыс кезеңінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорт нысандарына тегін баруын қамтамасыз ету керек. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, жұмыс көбінесе есеп беру үшін атүсті жүргізіледі.

Саладағы салғырттықты, жалпы жазғы демалысты дұрыс ұйымдастыру мәселесін өткенде ғана мәжілісмендер де көтерген болатын. Олар: «Мектеп жанындағы уақытша орталықтарды лагерь деп есептеуге болмайды»,—  дейді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерьлерді жазғы лагерьлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу. Тағы бір мәселе: еліміздегі лагерьлердің басым бөлігі кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр.

Осы әсер етті ме, әлде бұрынан құрылған жоспар ма, бүгін енді салынатын жаңа демалыс орындарының саны жарияланды. Мәселен, 2026 жылдың соңына дейін балаларды сауықтыруға арналған 50 лагерь құрылады екен. Сондай-ақ балалар шығармашылығын дамытатын 100 орталық салынады. Ал қазір істеп тұрғандарының жай-күй қандай? Балалар демалысын былтырғыдай моншада өткізбейтініне кім кепіл?

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 23 жылы рұқсат алу берілген өтініштердің 10%, яғни 21 лагерьде кемшіліктердің анықталуына байланысты негізі рұқсат берілмеген. Бұдан басқа сауықтыру ұйымдарының қызметін бақылау барысында 16 лагерь рұқсат қағазынсыз жұмыс істегені анықталды. Биылғы маусымға дайындық барысында әр лагерьге нақты маман бекітіліп отыр.

Ата-аналар ең алдымен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайтыны белгілі. Ал ол тиісті дәрежеде ұйымдастырылуы үшін өңірлік штаб өкілдері сала мамандарымен лагерлерьдің өртке, терроризмге қарсы дайындықтарын тексеріп жатыр.

Жиында оқушылармен жұмыс істейтін мамандарды іріктеу туралы да айтылды. 120 мың педагог арнайы дайындықтан өтіпті. Оның сыртында балалардың демалысын ұйымдастыруға студенттер мен әдіскерлер де тартылады.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков, Айдос Меделбеков