Хабар телеарнасы

Дархан Қыдырәлі: Жастар арасындағы қылмыс өсіп барады

Күн сайын 5 қылмыс. Бұл – еліміздегі балалар арасында болатын ахуал. Сенатор Дархан Қыдырәлі осы мәселеге алаңдап, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Биыл 9 айда кәмелетке толмағандардың қатысуымен 512 ұрлық жасалған. Тонау дерегі – 121, бұзақылық фактісі – 94. Тіпті алаяқтық жасау да кездеседі. Оның саны - 66, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 60 дерегі тіркеліпті. Ал оның алдын алумен айналысып жатқан нақты орган жоқ.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жалпы жастар мәселесі түрлі министрліктердің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы Жастар саясаты басқармасы бар. Қалған облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен, 2 млн халқының 40%-ін жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мыңнан астам жаспен 3 қызметкер ғана айналысады.