Атырауда еңбек дауы тыйылмай тұр
Заңды белсен басып, жұмысшыға қысым көрсететін мекемелер жеткілікті. Ал кәсіподақ қарапайым жұмысшының құқығын қорғап, халықтың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасап отыр. Облыста 1 мыңға тарта келісімшарт осы ұйымның қатысуымен жасалған. Еңбек дауына жол бермес үшін не істеу керек?
Батыстағы ірі мұнай-газ жобасына сервистік қызмет көрсететін мекеменің көлік жүргізушісі Игілік Әленов жұмыстан шығып қалды. Ол аталған мекемеде 2015 жылдан бері келісімшартпен еңбек еткен екен. Бастауыш кәсіподақ ұйымын құрамын деп жұмыссыз қалып отыр.
Игілік Әленов, қала тұрғыны:
- Профсоюз құрғанның арқасында біздің төлемақымыз, жалақымыз көтерілді. Больничный төленіп бастап еді. Уведомлениені маған кеше әкеп беріп тұр. 9-нан бастап түнге жұмысқа шығуым керек еді. Онымен енді бұйрық шығарып тастапты.
Кәсіподақ құрамындағы 60 адамның тең жартысы Игіліктің күйін кешкен. «Жалпы мұнай-газ өнеркәсібіндегі мердігер мекемелерде еңбек заңдылығы сақтала бермейді. Себебі жұмыс беруші шығынды азайту үшін еңбек заңының талаптарын айналып өтуге дайын тұрады», - дейді заңгер Салтанат Рахымова.
Салтанат Рахымова, «Мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» облыстық филиалының төрағасы:
- Бұл бойынша Кәсіподақтар федерациясына шағымдандық. Мен үшжақты еңбек дауларын шешу комиссиясының төрағасы ретінде облыс әкіміне хат жаздым. Ол кісі Еңбек министріне жолдағаны туралы хабарлады. Бүгінгі күні біздің ұсынысымыз қаралып жатыр.
«Атырау облыстық Кәсіподақтар орталығы» 85 мыңнан астам жұмысшының құқын қорғайды. Өткен жылы орталықтың араласуымен жұмысшы, жұмыс беруші және бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында 1 мыңға тарта келісімшарт жасалыпты.
Әлібек Семғалиев, облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы:
- Келісімшартты дұрыс жасақталуы кәсіподақтары бар мекемелерге байланысты. Шағын мұнай мекемелері бар, өнеркәсіптер бар. Бұл ұжымдар кәсіподақтан көмек сұрап келеді. Біздің орталық пен облыс әкімі бар және жұмыс беруші арасында үшжақты комиссия бар. Ондай дау-дамайдың барлығын сол комиссяға шығарып, сол жерден шешуге жұмыстанамыз.
Сондай-ақ Кәсіподақтар орталығы прокуратура, ішкі істер органдарымен де тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде тек биылдың өзінде жұмысшы құқығын қорғаудаға қатысты 50-ден астам даулы мәселе сотқа жетпей шешілген.
Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин