Хабар телеарнасы

12 мыңнан астам орманшы кәсіби мерекесін тойлайды

Кейінгі 5 жылда еліміздегі орман алқаптарының ауданы 267 мың гектарға ұлғайған. Бірақ ұланғайыр даламыздағы орман аумағы 5% ғана. Осы жексенбі сол 30 млн гектар орман алқабын баптап, өрттен сақтап, аумағын кеңейту үшін еңбек етіп жүрген 12 мыңнан астам орманшы кәсіби мерекесін тойлайды.

Қаладағы қым-қуыт тірліктен шаршаған кезде демді басып, таза ауа жұтатын жерді аңсаймыз. Бағымызға орай, Астана іргесінде ну орман бар. Мұнда ағаштардың алуан түрі өседі. Ал бастысы тыныштықта жанымыз жай табады.

Экология министрі Ерлан Нысанбаевқа бұл жер жақсы таныс. Ол «Жасыл белдеу» жобасына 1997 жылдан бері атсалысқандардың бірі. Ызғары бар, ылғалы аз, топырағы тұзды жерде орман өседі дегенге көпшілік сенбесе де, ол сенді. Үміті ақталып, министр сол орманды көруге тағы келді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

-27 жыл өтіпті. Содан бері Астананың маңына 102 мың гектар жерге ағаш отырғызылды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, 2004-2005 жылы еккен бар жоғы біржылдық, екіжылдық, бойы 25-35 см екпелерді еккен бұрынғы ағаш, биыл ну орман боп тұр. Шын мәнінде бұл жоба орман саласындағы мамандардың, ғалымдардың үлкен жетістігі.

Расымен, біз көрген қалың ағаш - орманшылардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мәселен, көкшетаулық Қуаныш Шәгенов 12 жылдан бері орманшы болып еңбек етіп жүр. Өз жұмысын бес саусақтай біледі. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығын елемейді. Күні-түні қауіпсіздікті бақылайды. Тіпті орманды алапат өрттен қорғап қалған кездері болғанын айтады.

Қуаныш Шәгенов, «Көкшетау» МҰТП Шалқар филиалының бас инженері:

-Өзімді батыр деп санамаймын. Менің орнымда басқа біреу болғанда, еш ойланбастан дәл солай жасар еді. Жұмысымыз оңай емес. Көбіне түнгі рейдтерге шығамыз. Себебі өрттің бәрі түнде тіркеледі. Сонымен қатар ормандағы тазалықты да қадағалаймыз.

Былтырдан бері ормандағы алапат өрттер бұл мамандықтың маңыздылығын көрсетті. Содан кейін «Бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде қаржы бөлініп, орманшылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын көтеру шараларын қабылдадық»,– дейді министр.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

-Орманды қорғайтын, молайтатын мекеме қызметкерлерінің жалақысы 100% көбейді. Тек басшыларының емес, бүкіл инспекторлар құрамы. Ол кім? Орманды кесіп кетпеу үшін, өртеп кетпес үшін қарайтын бүкіл инспекторлық құрам мен бүгінгі күнге дейін қарапайым өрт сөндірушіден бастап, бәрінің жалақысы өсті.

Ал өрт сөндіру техникаларын алуға мемлекеттен 52 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 11 аймақтағы қажеттілік түгелдей қамтылды. «Қалған өңірлердегі жағдайды жақсартуға әлі 2-3 жыл қажет»,- дейді жауапты мамандар.

Авторлары: Дана Әлиева, Қанат Абильдин