Хабар телеарнасы

Елімізде 2 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз жоғалған

Елімізде 2 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз жоғалған. Бас прокуратураның айтуынша, тізімдегілердің басым бөлігі 30-49 жас аралығындағы ер адамдар. Оларды табуға тәртіп сақшыларымен қатар еріктелер де атсалысады. Нақты нәтижелері де бар.

Өкінішке қарай ел аман, жұрт тынышта жоғалып жатқандар аз емес. Тіпті ондай факті күнде тіркеледі екен. Әдетте арыз беруші және куәгерлердің қатысуымен жедел-тергеу тобы іске кіріседі. Полициямен бірге еріктілер тобы іздеу жұмыстарына қатысады. Сондай еріктінің бірі Руслан Колесников Армин Назар есімді азаматты іздеп жүр. Куәгерлерден қаладағы саябақтар мен базардың бірінде жүргені туралы ақпарат түсіпті. Әзірге нәтиже жоқ.

Руслан Колесников, ерікті:
-Армин Назардың жалғыз қалған қарт анасы үнемі бізбен байланыста. Жағдайын көріп жүрегің ауырады. Одан бөлек жаз айларында балалар жиі жоғалады. Жақында сағат 6-лар шамасында жұмыстан шыққан Зарема есімді қызды таңға дейін іздедік. Өкінішке қарай келесі күні мәйітін таптық. Мен іздеу жұмысына қосылғаныма бір жылдан асты. Түрлі оқиғаларды көрдім. Мәселен, кейбіреулері бір тәулікте табылса, басқалары үш, төрт жыл іздеуде болады.

Бұл еріктілердің қатарында 60-тан аса жас бар. Олар он шақты жылдың ішінде 3 мыңнан астам адамды тапқан. Жалпы еліміз бойынша 47 еріктілер ұйымы бар. Олар арнайы дайындықтан өткен. Ал енді ресми дерекке ойыссақ. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр елде хабар-ошарсыз жоғалған 16 мың адамға іздеу жарияланған. Оның 14 мыңнан көбі отбасына оралыпты. Биыл алты айда адам жоғалу фактісі бойынша 7,5 мың дерек тіркелсе, 6800-і табылған. Қылмыс жасап, тергеуден немесе соттан жасырынып жүргендер де бар. Олар 2180 адам. Айтпақшы қайталап жоғалу фактілері де тіркелген.

Нұрғали Асылхан, Астана қаласы ПД КПБ іздестіру бөлімінің бастығы:
-Біреуі кәмілетке толмаған азамат. Талай рет үйінен қашып кетіп жүрген бала. Іздестіру жұмыстарын жалғастырып, оның қай жерде жүргенін табамыз. Бір тәуліктен кейін іздестіру ісін арнаймыз. Лудомания және студенттердің арасында емтихан тапсыра алмай қалады ғой. Олар жоғалып кетеді. Үйіне, ата-анасын айта алмайды.

Мамандардың айтуынша, жоғалған адамның банк карталары бірден бұғатталады. Кәмілетке толмаған азамат болса, мектептегі мұғалім, достары тергеледі. Ал ересек болса, әріптестері мен достары, соңғы көрген азаматтардан сұрақ-жауап алынады.Тіпті Республика бойынша жолдағы бейнебақылау камераларынан іздеу жұмыстары басталады.

Альбина Жарылғасынқызы, ҚР Бас Прокуратурасының ресми өкілі:
-Хабарсыз жоғалған іздеудегі адамдардың ең көп бөлігі Алматы қаласында. Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелген. Адамның орналасқан жері анықталуына байланысты 2024 жылдың І жарты жылдығында 630 іздестіру ісі тоқтатылды.

Расымен жоғалғандардың оқиғасы әртүрлі. «Қилы тағдыр, арасында қиылған ғұмырлар да бар. Қалай десек те, жақынынан айырылу кімге болса да оңай емес. Сондықтан мұндай күдік болса, бірден 102-байланыс нөмеріне хабарласқан дұрыс. Себебі істің артын суытпай адамды табу жеңіл»,— дейді жауапты министрлік.

Авторлары: Диана Қадыр, Самат Сүлейманов