Республика күні қарсаңында Жетісу облысындағы 3 ауылға табиғи газ берілді
Республика күні қарсаңында Жетісу облысындағы үш ауылға табиғи газ берілді. Жетісу, Көкпекті және Ешкіөлмес елді мекенінің 3 мыңнан аса тұрғынның тұрмыс-тіршілігі жеңілдейді. Аталған ауылдардың көгілдір отынға қосылуымен аймақты газдандыру көрсеткіші 50% жетті.
1500 ден аса адам тұратын Жетісу ауылына көптен күткен табиғи газ берілді. Көгілдір отынға ең бірінші болып 90 жастағы Гүлсара Шайықованың үйі қосылды. Шөпшек сүйіп отырған алтын алқа иегері енді күл шығару машақатынан құтылатын болдық,-деп қуанып отыр.
Гүлсара Шайықова, «Алтын алқа» иегері:
-Балама, келініме жеңіл болды. Марат отын түсірмейді. Газды жағады, жақсы болды ғой. Қуаныш. Келін жоқ болса, үйреніп алсам өзім де жағатын шығармын.
Жетісу облысында табиғи газды тұтынатын елді мекендер саны 44. Республика күнінде олардың қатарына тағы үш ауыл қосылады. Ал жыл соңына дейін өңірдегі 19 әкімшілік аумақты газбен қамту көзделген.
Айдос Бекетаев, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:
- Осы Жетісу ауылын қосқанда 363 мың адам табиғи газға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда 50% құраса, жыл соңына дейін 57% шығамыз.
Жетісу облысындағы 75 ауылда табиғи газ құбыры тартылып жатыр. Салаға жауапты мамандар келесі жылдың соңына дейін 126 елді мекенді өркениет игілігіне қосуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев