Хабар телеарнасы

Қазақ мемлекеті белгіленген көне карталар Өскемендегі мұражайға қойылды

Қазақ мемлекеті белгіленген Еуропа мен Американың ортағасырлық картасы Өскемендегі мұражайға қойылды. Атластарды XVI-XIX ғасырларда АҚШ, Бельгия, Франция, Италия және Германия картографтары жасаған. Бұл еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген. Көпшілік назарына ұсынылған жәдігерлер қатарында Ару Сұлтанның портреті мен өмірбаяны да бар. Ол 1540-1560 жылдар аралығында саяхатшы Энтони Дженкинсонмен бірге ағылшын патшайымы Елизавета біріншінің кеңесшісі болған. 130-дан аса картаны бір кітапқа топтастырған Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Ару Сұлтанның қазақтан шыққанын жазды. 

Есенбол Бақтыбайұлы, өнер мұражайы директорының орынбасары:

-Бұл карталар Мұхит-Ардагер Сыздықназаровтың 17 жыл бойы Америкада жүріп зерттеген карталарынан қойылған. Бұл Қазақ мемлекетінің тамыры, тәуелсіздіктің алғашқы қайнар бастауы десек артық болмайды. Қазір біздің санамызда Қазақстанның шекарасы, территориясы көз алдымызда болғанмен, оның тарихы қайда болғаны, оның кеңдігі қаншалықты болғаны, кімдермен шекаралас, қай елдермен деңгейлес болғаны туралы үлкен, тың ақпарат десек артық болмайды.