Жекеменшік мектепке сұраныс артуының себебі неде?
Елімізде жекеменшік мектептер саны соңғы жеті жылда 700-ден асты. Онда 256 мың оқушы білім алып жүр. Тең жартысы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқиды. Жекеменшік мектепке сұраныс артуының сыры неде?
Қызылорда қаласындағы жеке мектепте 1 мың 300-ден аса оқушы бар. Материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған білім ұясына ата-аналар бір тиын да төлемейді, барлығы тегін. Оқу ошағы мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін қаржыны тиімді үлестіріп отыр.
Бақытжан Иманбердиева, жекеменшік мектептің директоры:
-Білім гранттарын ұтып алып, түрлі олимпиадалық жарыстарда нәтиже көрсетіп жатса, әрине ол мектептің нәтижесі болып тұрса, ата-ана оларды таңдайды деп ойлаймын. Барлығы осы мектептің ішіндегі мұғалімдердің сапалылығына байланысты.
Мемлекеттік те, жекеменшік те мектептердің білім беру бағдарламасы мен стандарттары бірдей. Тіпті 100 жылға жуық тарихы бар білім ұялары да уақыт талабына сай қайта жаңғыртылып, цифрлық құрылғылармен жабдықталып жатыр. «Сондықтан оқушылардың барлығы жеке мектепке ауысып жатыр деуге негіз жоқ»,-дейді ұстаздар. Мысалы, іргетасы 1939 жылы қаланған Қызылорда қаласындағы №3 IT мектеп-лицейі 1500 оқушыға арналған. Дегенмен жаңа оқу жылы қарсаңында бұл білім ұясына екі мыңға жуық оқушы қабылданыпты.
Аманғали Есімов, №3 IT мектеп-лицей директорының орынбасары:
-Біздің мектебіміз жаратылыстану-математика бағытында оқитын болғандықтан, IT бағытында болғандықтан оқушылардың басқа мектепке кету процесі баяу, жоқтың қасы. Бірақ ол жеке мектептердің әртүрлі бағытына байланысты мемлекеттік мектептердегі оқушылардың санына әсер етіп жатқаны рас.
Елімізде 7 мың 900 мектеп болса, соның 700-і жекеменшік. Ондағы оқушылардың жартысына жуығы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін білім алуда. Инвесторлар есебінен ашылатын оқу ордаларының қатары биыл тағы көбейеді.
Әйгерім Ашықбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің баспасөз хатшысы:
-Мысалы, 7 жыл ішінде 120 жеке меншік мектептердің саны қазір 700-ден астам болып жатыр. Ал оқушылардың саны сәйкесінше 40 мың оқушы қазіргі таңда 256 мыңға жетті.
Мамандардың айтуынша, жекеменшік мектептерді мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыру бірқатар өңірдегі үш ауысыммен оқыту мәселесін шешуге септігін тигізген. Сонымен қатар мектептер арасындағы бәсекелестік артып, материалдық-техникалық базамен қатар білікті педагогтарға да сұраныс көбейген.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин