Ақтөбеде «Жастар. Жігер. Болашақ» жастар форумы өтті
Ақтөбеде «Жастар. Жігер. Болашақ» жастар форумы өтті. Жергілікті әкімдік пен полиция департаменті ұйымдастырған іс-шара барысында парасатты ұрпақ тәрбиелеу мәселесі талқыланды. Кездесуге өңір жастарымен қатар елімізге танымал тұлғалар қатысты.
Облыс орталығындағы мәдениет ордасында өткен форумның шымылдығы әсерлі қойылымымен ашылды. Қоғамның қасіретіне айналған нашақорлық пен есірткі таратушыны жас актерлер әшкереледі. Бұл бүгінгі басқосуға арқау болған басты тақырып.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
-Біз осы форум арқылы көптеген нашақорлық деген сияқты, мына жастардың ішінде буллинг бар, басқа да бізге осы қоғамның дамуына кедергі болатын, соның ішінде жастарға кедергі болатын жағдайлар сонымен күресу. Жастарға көрсету. Қазір енді жетістіктерге жеткен жастарды, ақтөбелік жастарды шақырдық. Солар арқылы жастарға үлгі ретінде көрсету керекпіз.
Жастар форумының өтуіне мұрындық болған полицейлер өңірде кәмелетке толмағандар арасында болатын құқықбұзушылық санының азайғандығын айтып отыр. Мәселен, былтыр жеткіншектердің қатысуымен 92 іс тіркелсе, биыл олардың саны 64. Тәртіп сақшылары қылмысты дер кезінде алдын алу маңызды дейді.
Абай Жүсіпов, облыстық ПД бастығы:
-Басты мақсатымыз – жастарымызды қылмыстан алшақтау, жастарымызды жігерлендіру. Осы қоғамдық қауіпсіздікті бірге сақтау. Бұл тек қана полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған сұрақтардың бірі.
Үш мыңнан астам ақтөбелік жастың басын қосқан форумға белгілі қоғам қайраткері Есен Елеукен, әнші Нұрболат Абдулин мен ақын Қайнар Алагөзов сияқты Ақтөбенің танымал тұлғалары қатысты. Жастар алдында сөз алған жандар бүгінгі оқушылар мен студенттерге білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасудың маңыздылығын жеткізді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов