Хабар телеарнасы

Түркістанда Kaspi.kz компаниясының қолдауымен «Turkistan Marathon-2024» өтті

Түркістанда қазақстандық Kaspi.kz инновациялық компаниясының демеушілігімен халықаралық «Turkistan Marathon-2024» өтті. Түркістан облысы және қала әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған жарысқа әлемнің 40-тан астам елінен келген желаяқтар қатысты. Олар 3 шақырымнан бастап, 42 шақырымға дейінгі қашықтықтықты еңсерді.

Қазақстандық Kaspi.kz инновациялық компаниясының қолдауымен өткен халықаралық марафонға 3 мыңға жуық әуесқой спортшы жиналды. Әртүрлі жас пен мамандық иелерін бір ғана мақсат – спортқа құмарлық біріктіреді. Ал қатысушылар мен жанкүйерлер: «Ұйымдастыру деңгейі жоғары болды»,– дейді.

Азат Әбішов, марафонға қатысушы /Қырғызстан/:

- Келіншегім екеуіміз Қырғызстанның Бішкек қаласынан келдік. 10 шақырым қашықтықты ойдағыдай жүгіріп өттік. Ауа райы да, жарыстың деңгейі де, ұйымдастырылуы да бәрі керемет болды. Жақында Kaspi.kz демеушілік жасаған дәстүрлі Алматы марафонына қатыстық. Енді Түркістанға табанымыз тиіп отыр.

«Мұндай деңгейдегі шараның өтуі шаһардың дамуына жақсы әсер етеді»,– дейді қала әкімі.

Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі:

-Бұл негізі спортқа ғана арналған емес, мәдени көпшілік шара. Мерекелік шара. Қаламыздың туристік әлеуетіне септігін тигізеді. Кәсіпкерлердің еңбегіне де септігі болатын, жан-жақты, ауқымды іс-шара деп атауға болады. Әлемдік, халықаралық деңгейде өткізілуде. Қаржыландырып, қолдау білдіріп отқан Kaspi банкіне біз өте үлкен алғысымызды білдіреміз.

Мұндай ірі шаралардың туризм мен қонақүй бизнесінің дамуына ықпалы зор. Қазір Түркістанда туристерді орналастыратын 2 мың орындық, 50-ден астам қонақ үй бар. Марафонның рухани шаһарда өтуіне байланысты оларда да бос орын жоқ. Спортшылар алдын ала төлем жасап, 1 ай бұрын алып қойған.

Әйгерім Ысқақова, Hampton by Hilton Turkistan қонақүйінің менеджері:

-Осы Түркістан марафоны арқылы біздің қонақүйіміздің бизнесіне өте үлкен үлес қосып жатыр. Дәл қазіргі таңда бізде 120 бөлме болса, 90% осы Түркістан марафонының қатысушылары. Әрине ол бізге өте жақсы.

Сержан Керімбеков, көліктерді жалға беруші кәсіпкер:

-Осы марафонға келген адамдар соңғы 3 күннің ішінде бізге де өте қатты пайдасы тиіп жатыр. Келуші адамдар көп. Табысымыздың өзі соңғы 3 күннің ішінде басқа күндермен салыстырғанда 2 есе көбірек табылып жатыр.

Марафоншылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы кәдесый сататын дүңгіршектердің де саудасын қыздырды. Халықаралық доданың мақсаты – адамдарды спорттың айналасына біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттау. Ал қала үшін туризм мен жергілікті бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш