Хабар телеарнасы

Антибиотиктерді қолдану көрсеткіші шамадан тыс өсті

Биылғы жартыжылдықта дәріханалар 41 тонна препарат сатыпты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл былтырғыға қарағанда 2 есе көп көрінеді. Ал мұның себебі неде? Антибиотиктерді жөн-жосықсыз қолданудың салдары қандай?

Жанбота Ақшойынқызы отоларинголог дәрігер болғандықтан, вирустық-респираторлық ауруы бар науқастармен күнде жүздеседі. Алайда халықтың көбі оған келмес бұрын үй жағдайында антибиотик қабылдайды. Салдарынан ем-дом қонбай, науқастар иммунитетін босқа әлсіретеді, - дейді дәрігер.

Жанбота Хамидуллина, отоларинголог:

- Керек емес кезде қолдану, келесі ауырған кезде, шынайы бактериялдық инфекциямен ауырған кезде, организмнің ол инфекциямен күресу үдерісінің төмендеуіне, ол антибактериалдық  сезімталдықтың жойылып кетуіне алып келуі мүмкін. Сол себепті антибактериялдық дәрілерді міндетті түрде көрсеткіштермен ғана қолдану керек. Яғни бұлар вирустық инфекцияда мүлдем қолданылмау қажет.

Нарықтағы жағдай ақ халаттыларды алаңдатып отыр. Себебі маусымдық тұмаумен ауырған науқастар дәрігердің нұсқауынсыз, интернеттегі кеңеспен антибиотик алуға дәріханаға жүгінеді. Тіпті болмаса, маркетплейстерден онлайн тапсырыс береді. Ал бұл препараттарды жөн-жосықсыз қолданса, бір адамның ғана емес, күллі адазматтың иммунитеті нашарлауы мүмкін.

Жанбота Хамидуллина, отоларинголог:

- Антибактериялық дәрігерлерді қолданасыз, басқа адам қолданады, бірақ мен қолданбасам да сіздің шамадан көп қолдануыңыздың әсерінен жаңа штамдардың пайда болуы басқа қолданбай жүрген адамға әсер етеді. Яғни бұл инфекциямен күресу бұл пациентке өте-өте қиынға соғады.

Дана Әлиева, тілші:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазірдің өзінде дабыл қағуда. Жаһанда 700 мыңдай адам антибиотиктерге төзімді жұқпалы аурулармен ауырады. Жағдай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай мұндай науқастардың саны 10 миллионға жетуі мүмкін.

Ләззат Есбатырова, ҚР ДСМ Дәрілік саясатты жетілдіру департаментінің директоры:

- Антибиотик қазір тек медицинада емес, ауыл шаруашылығында да жиі қолданылады. Яғни тұтынатын тамағымызға да қосылады. Сондықтан бізге оны шамадан тыс қолданудан барынша аулақ болған жөн. Адамдар оған тек қажет кезде ғана жүгінсе екен дейміз. Көпшіліктің ойында қазір антибиотик сиқырлы дәрі сияқты. Бірақ бұл олай емес.

Антибиотиктер сатылымы өсуінің тағы бір себебі – 1 шілдеде қабылданған дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесіне байланысты. Фармкоманиялардың бұл препараттарды 2 есе көп кіргізуінің себебін мамандар былай деп түсіндіреді.

 Талғат Омаров, Қазақстан Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы:

- Таңбалау өтпеу үшін сондай іс-шараға барды.  Өйткені таңбаны сатып алу үшін 2 теңге 40 тиын тұрады, оборудование керек. Оның бәрі алдын ала шығын болғандықтан бәрін алып, Қазақстанға әкеліп қойды.