Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысындағы онкологиялық науқастарға мүгедектік пен жәрдемақы берілмеген

Маңғыстау облысында онкология ауруына шалдыққан 700-дей науқасқа мүгедектік рәсімделмегені және жәрдемақы төленбегені анықталды. Заңға сәйкес, 3-ші және 4-ші санаттағы «Д» есебінде тұрған, паллиативтік көмек алатын адам ағзасына міндетті түрде медициналық сараптама жасалуы тиіс. Сол арқылы оларға мүгедектік, әлеуметтік жәрдемақы және басқа да жеңілдіктер тағайындалады. Алайда науқастарға медициналық-әлеуметтік сараптама жасалмаған. Денсаулық сақтау басқармасы заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін ғана мәселені шешуге кірісті. 

Ғани Боранбаев, облыстық Прокуратураның басқарма прокуроры:

-Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберудің заңдылығына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде осы санатта өңіріміздегі барлығы 1704 науқас тіркелген екен. Алайда олардың ішінде 661 науқас медициналық әлеуметтік сараптамаға уақытылы жіберілмеді. Бұл өте үлкен қателік. Бұл заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокуратурамен қадағалау актісі енгізілді.