Хабар телеарнасы

Аналар кеңесіне 10 жыл

Қазақстан Халқы Ассамблеясына қарасты бұл ұйым бүгінде қоғамдық институтқа айналды. Оған 19 мыңнан астам ана мүше. «Аналар кеңесі» жыл басынан бері 5 мыңнан астам іс-шара өткізсе, соңғы он жылда еліміздің әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. «Ақ орамал», «Сырғалым», «Мәдениетті ұлт -мәдениетті ана» сияқты бірнеше ірі жобаны іске  асырған. Тіпті, вейпке тыйым салған заң жобасының жүзеге асуына да осы кеңес мүшелері бастамашы болған. Сондай-ақ, «Әйелдердің құқығын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңның  жұмыс тобына қатысқан. Ал қазір лудомания, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Салауатты сана» жобасын насихаттап жүр. Оған қоса, бүгінгі жиында прокурор Айжан Аймағанова «Тәртіпті өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын өткізуді ұсынды.

Айжан Аймағанова, Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы:

- Оның басты мақсаты - жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау. Осы арқылы жастарды құқық бұзушылық кеселдерінен аулақ болуға тәрбиелейміз.

Баян Ақатай, ҚХА республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

- «Аналар кеңесінің» негізгі миссиясы бұл қалың бұқарамен биліктің арасында алтын көпір болу. Біздің міндетіміз бұл аналардың үнін жетер жеріне дейін жеткізу. Біз барлығына ашықпыз, біз барлығымен жұмыс жасауға дайынбыз.