Хабар телеарнасы

Елордадағы аялдамалар қандай күйде?

Автобус күтемін деп, тоңып қалмадыңыз ба? Күн суытқалы жолаушылар жылы аялдамаларда тұрады. Әсіресе қысы қатты Астана тұрғындары. Алда аяз келе жатыр. Елордадағы аялдамалар қандай күйде? 

Алуа Маханбет, тілші:

- Қараша басталғалы елордада бірде жауын, бірде дауыл. Ал кешелі бері қар толассыз жауып тұр. Мұндай ауа райында әсіресе қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар үшін қиын. Ауа райы тосын мінез көрсеткенде тұрғындар пана болар ық іздеп, аялдамаға келіп тұрады. Ал қысы суық елордада жылы аялдама да көп емес.

Сауалнама:

- Жылы аялдама керек барлық жерге де. Өйткені қараша айы осындай суық, қаңтар, ақпан айында жылы болады деп ойлаймаймын. Әсіресе балаларға қиын. Мектеп оқушылары міне, біраз тұр.

- Таңертен ерте шығамыз 5:30-дан, сол автобус күтеміз. Кей кездерде бірінші автобустар болмай қалған кезде аяздарда тоңып, қалтырап, тоңып тұрамыз. Балалар бар.

- Негізі қала өсіп жатыр. Халық өте көп. Сондықтан ойлаймын, қажет деп. Суық қала. Желдері өткір.

Астана қаласы бойынша 1 мың 528 аялдама бекеті бар. Оның 1200-ден астамына күту павильоны орнатылған. Соның  272-сі жылытылады екен.

Жәнібек Мақсұт, жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы:

- Биыл 50 жылы аялдаманы пайдалануға бердік. Бұл аялдамалар қала бюджетінен орнатылады. Дегенмен инвесторлардың қаражатына салынған жылы аялдамалар да бар. Демеушілер 50 аялдама салып берді.

- Бір жылы аялдаманың құны шамамен 10-12 млн теңге. Аз ақша емес. Бірақ соны қаншалықты ұқыпты пайдаланып жүрміз? Қоқысты шашып, әйнектерді сындыратын да өзіміз емес пе?

- Тәртіпті сақтамайды, ұқыптылық жоқ. Лақтырғаны лақтырған жерде, шашылғаны шашылған жерде. 

Жылы аялдамалар қала бюджетінен салынғанымен, ол әр ауданға өткізіледі. Тазалығы мен қауіпсіздігіне аудан әкімшілігі жауапты.

Абылайхан Айыпов, Астана қаласы Алматы ауданы әкімшілігінің инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:

- Біздің ауданымызда 443 аялдаманы, яғни жаңағы мердігерлік ұйым аптасына 2 реттен тазалап отырады. Біріншісі, «влажная уборка» дейміз, екіншісі құрғақ.

Сауалнама:

- Әрине, бұның ішін тазалық жағынан жақсы. Бірақ қаңғып жүрген «бомж» дей ме, не дейді? Сондай кісілер жатып, ұйықтап алады.

- Мысалы, мен кейбір кездері ол адамдардың қасына баруға қорқамын. Өйткені ол ішімдікке салынғаннан кейін маған не істейтінін білмеймін. Мен далада тұрамын. Қорқасың ғой енді.

Абылайхан Айыпов, Астана қаласы Алматы ауданы әкімшілігінің инфрақұрылым бөлімінің бас маманы:

- Біз аптасына 3 күн яғни жұма, сенбі, жексенбі күндері үй-күйсіз жүрген жандар үшін ауданымыздың полиция қызметкерлерімен вандализмге қарсы бірге рейд жүргіземіз. Жаңағы сіздер айтқандай, аялдамада жатады деген. Ол кісілерді алып, РУВД-ға барып, сол жерде түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Атқамінерлер келер жылдың жоспарымен бөліскенімен, нақты қанша жылы аялдама пайдалануға берілетінін айтпады. Бірақ ең алдымен халық көп жүретін әлеуметтік нысандардың маңына салынатыны анық, - дейді.

Алуа Маханбет, Айбек Ақшолақов