Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің лифті әбден тозған
Ескірген 144 жеделсатының 13-ін шұғыл ауыстыру қажет. Себебі көтеру механизмі адам өміріне қауіпті. Ал 7 үйдің лифтін мамандар бекітіп тастаған. Тұрғындар тоғызыншы қабатқа жаяу көтерілуге мәжбүр.
Әсіресе егде тартқан зейнеткерлер үшін үйден шығу мұң. Зоя Сариева: «7-ші қабаттағы пәтерде қамалып отырмын», - дейді. Шұғыл емханаға бару қажет болған соң ғана төмен түскен.
Зоя Сариева, қала тұрғыны:
- Аяғым сынған, жүрсем жүрегім соғып, өкпем қысылады. Дәрігердің қабылдауына жазылып қойған соң, амал жоқ шығып келем. Дүкен, дәріханаға қызым мен немерем барады. Бұл үйде қариялар көп. Далаға шығудың өзі азап болды.
Бұл үй 1981 жылы салынған. Лифт те 40 жылдан астам қызмет етті. Соңғы уақытта қуықтай ғана кабинасы қозғалған сайын дірілдеп, құлап кетердей болған. Әлсін-әлсін жүрмей қалатын жедел сатыны коммуналдық қызмет мамандары былтыр мүлдем тоқтатып тастаған.
Ернар Нұржан, қала тұрғыны:
- Қолдарын қыстырып алады. Кей кезде тұрып қалады. Ортасына тұрып қалады. Ондай жағдай өзімнің басымнан да өтті. Ортасында тұрып қалып, есігін ашып шығып кеттік біздер жартылай. Тоғызыншы этажда үлкен әжейлер бар. Түсіп-міну деген олар үшін, магазинге бару – олар үшін үлкен проблема. Лифт жоқ, тоғыз этаж. 5-6 этаж болса екен түсінесің.
Меңдібай Молдагереев, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Лифт әбден ескірген. Жедел саты шаруашылығына жауапты компаниялар жөндеп, қызмет етуден бас тартты. Адамдар ішінде жиі қалып қойғандықтан, жауып тастауға мәжбүр болдық. Жаңартуға өтінім бердік, жауабын күтіп жүргенімізге бір жылдан асты.
Соңғы үш жылда өңірдегі көпқабатты үйлердің жүзге жуық лифті жаңартылған. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Алайда тұрғындар қарызға берілген соманы 7 жыл ішінде қайта өтеуі тиіс.
Ермахан Балмағамбет, «Ақтөбе» ӘКК Құрылыс және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры:
- 2021 жылдан бері «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 93 лифтті ауыстырды. Олардың үшеуі Алға қаласында. Бұл мақсатқа Қаржы министрлігінен 2 млрд 200 млн теңге бөлінді.
Көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында келер жылы тағы 138 лифтіні ауыстыру жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 5 млрд 200 млн теңге бөлу көзделіп отыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков