Хабар телеарнасы

Жылжымайтын кезек: баспана ала алмай жүрген қосшылықтар қапалы

Қосшы қаласында сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана кезегі бірнеше жылдан бері жылжымай келеді. Әкімдікке жиналған бір топ азамат осылай дейді. Айтуларынша, кезек реттілігі қысқарудың орнына, тек ұзарып жатыр. Ал биыл қалада 187 баспана табысталуы тиіс. Ол қандай реттілікпен және кімдерге беріледі? Әкімдіктегілер не дейді?

Бұл бірнеше жылдан бері баспана кезегін күтіп жүрген көпбалалы және жалғызбасты аналар. «Кезек жайын сұрай-сұрай, әкімдік табалдырығын тоздырдық, бірақ нақты жауап әлі жоқ»,– деп ашынады. Биыл Қосшыда 20 пәтер табысталып, 11-і көпбалалы аналарға берілуі тиіс еді. Бірақ бұл тізімнен өзін таппағандар да бар.

Гүлнұр Асқарбекқызы, қала тұрғыны:

- 2019 жылдан бері кезекте тұрмын. Оныншы едім, 11-ге түстім. Әлі тұрмын, 5 жыл болды. Жылжымаймын. Не көтерілмеймін, не түспеймін. Үй 20 адамға берілген. Бірақ мен жоқпын. Кезекте он біріншімін ғой. Демек үйді біреу менің орныма алған.

Гүлмира Нұрқасымқызы, қала тұрғыны:

-20 адамға үй берілген. 20 адамның тізімін береміз деп маусым айында айтқан. Береміз, тізім дайын тұр деп. Тізімдері жоқ. Жарты жыл болды әлі талап етіп келе жатырмыз. Оған қоса кезектегі реттілік те үлкен дауға айналды. Тұрғындар «күн сайын электрондық тізім әрі-бері жылжиды» деп шағымданады.

Дильфируз Жұманова, қала тұрғыны:

-Кезегім 22 болған басында, қазір 81 кезекке қойып қойған. Бұл жерде жауап беретін адам жоқ. Келе-келе шаршадым.

Ақжарқын Махұмтова, қала тұрғыны:

-22-ден бастам кезекке 83 болып тұрдым, содан мені 105-ке көтеріп жіберді. Кезек көтеретін кезде істеп кетеді де, төмен түспейді. Соны түсінбеймін.

Ал әкімдіктегілер, сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана мәселесін бірден 2 кезектің болуы ушықтырып тұрғанын айтады.

Әсет Мұқанов, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

-Қосшыға қала мәртебесі берілмей тұрып, сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана кезегі қағаз жүзінде жүргізілетін. Өкінішке қарай қазір бұл тізім бізде жоқ. Ол Целиноград ауданына тиесілі. 3-4 жылдан бері тізім тек электрондық түрде жүргізіледі. Бірақ сол қағаз жүзінде тұрған азаматтар соттасып, үйді алып жатыр. Сондықтан электрондық тізімдегі азаматтар кезекте жылжымай тұр.

Биыл қалада тағы 160 баспана берілуі тиіс. Бірақ 60 пәтер мерзімінен кешігіп, қаңтар-ақпан айларында табысталуы мүмкін.

Нұрлан Садыров, Қосшы қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы:

-Оның ішінде 6-7 пәтер дайын. ЖКХ бөліміне тапсырдық. Тағы да 33 пәтер осы айдың соңына дейін дайын болады. Жалпы 100 пәтер дайын болғаннан кейін, желтоқсан айының басында ол кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағыларға беріледі.  

Кезек мәселесі реттелмей, қосшылықтардың уайымы басылмайтыны анық. Ал қағаз бен электрондық тізімдерді біріктіруге әкімдік әзір құлықсыз.

Авторлары: Дана Әлиева, Бауыржан Ебелеков