Хабар телеарнасы

Түркістан облысында аудан прокурорларының форумы өтті

Түркістан облысында жайылымдық жер, су тапшылығы, миграция, шекаралық қылмыс және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселелері әлі де өзекті. Бұл түйткілдер «Заң мен тәртіп - қауіпсіз қоғам кепілі» атты аудан прокурорларының 1-ші өңірлік форумында талқыланды. Бас прокуратураның бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының прокурорлары қатысты. Өткен жылы Түркістан облысында 700 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл жыл басынан бері 200 мың адамның құқығы қорғалып, ел қазынасына 900 млн теңге қаражат, 501 млн теңгенің мүлкі қайтарылған. 

Дәулет Тілемісов, Сайрам ауданының прокуроры:  

-Лудомания мәселесі, құмар ойындар, қазір балалар мопедке көп қызығады. Оған права керек пе, керек емес пе деген дүниелер, сонымен қатар түнгі уақытта жүрген балаларға қатысты қандай жауапкершіліктер бар? Осы сұрақтарға тиісті мамандар жауап беріп жатыр.

Аида Әнуар, ҚР Бас прокуратурасының кадрлық жұмыс департаментінің басшысы:

-Мектептегі жиналысқа ата-аналардың қатысуынан бастап, балаларды бірігіп тәрбиелеу, қандай жұмыстар атқару керек осындай мәселелер көтерілді. Кеше жарты күн психологтармен, жарты күн кәсіби журналистер қоғамды қандай өзекті мәселелер толғандырады, сол туралы сабақтар өткізілді.