Хабар телеарнасы

М. Әшімбаев БРИКС елдерінің X Парламенттік форумына қатысты

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербургта өткен БРИКС елдерінің X Парламенттік форумына қатысты. Жиналғандар жаһандық дағдарыстардың зардаптарына қарсы тұрудағы Парламенттердің рөлін, сондай-ақ гуманитарлық және мәдени салалардағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Форумның күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Бүгінгі таңда БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы өнімі әлем халқының жартысын асырауға жетеді. Бұл ретте Қазақстанның агроөнеркәсіптік әлеуеті айтарлықтай. Сенат Төрағасы өз сөзінде қазақстандық бастамаларды таныстырды. Ол ғылым, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау мен электрондық коммерция салаларында парламентаралық диалог алаңын құруды ұсынды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Қазақстан Президенті ашықтық пен сындарлы ынтымақтастық негіздерін нығайту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Қазақстан қауіпсіз әлем құруды ұсынатын БРИКС сияқты негізгі халықаралық ұйымдармен серіктестікке белсенді түрде қолдау көрсетеді. Бұл Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатына сәйкес келеді.