«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы басталды
Қазақстанда «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы басталды. Науқан жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді.
Осы тұста айта кетейік, Ресей отбасы құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы заңнаманы жетілдіруде қазақстандық тәжірибені қабылдауға ниетті. Бұл туралы Ресей Мемлекеттік Думасының отбасын қорғау, әке мен ана, бала мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Нина Останина мәлімдеді.
Мәскеуде өткен жиынға Қазақстан Бас прокуратурасының өкілдері Парламент депутаттары және психологтар қатысты.
Нина Останина, Ресей Мемлекеттік Думасы Отбасын қорғау, әке мен ана, бала мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы:
- Менің айтқым келгені – неке, отбасы, әке, ана және бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау және ілгерілету. Өкінішке қарай бізде мұндай заңнама жоқ. Міне, біз осы мәселені Әділет министрлігімен талқылап жатырмыз. Мен қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, отбасылық Кодекстің бірінші бабына өзгерістер енгізгім келеді.