Ұлттық қор қаражатын пайдалануға заң жүзінде шектеу қойылады
Енді ұлттық қор қаражатын пайдалануға заң жүзінде шектеу қойылады. Сондықтан ондағы қаржыны ағымдағы жобаларға жұмсау мүмкін болмайды. Бұл туралы жаңа бюджет кодексін талқылаған Мәжілістің отырысында айтылды. Ал елдегі пошта бөлімшелері енді жаңа қызмет түрлерін де көрсете алады. Тіпті жеке тұлғаның тапсырыс берген тауары мен дәрі-дәрмегін де жеткізіп береді.
Бұдан былай бюджетке қатысты мәселелерді қарау, бекіту мерзімі анағұрлым қысқартылады. Жаңа кодекс жобасын талқылаған депутаттар бұл уақыт талабы екенін атап өтті. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға қатысты да талап бар.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға заңды түрде шектеу салынады. Нысаналы трансферттер енді тек қана ұлттық деңгейдегі инфрақұрылымдық жобаларға ғана бағыттауға болады. Ол деген сөз қосымша ертең қаражат әкелетін жобаларға ғана жұмсауға болатын болады.
Сондай-ақ Парламент енді республикалық және жергілікті қазынаны қадағалаудан өзге, квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қорлардың бюджетін де бақылауға алмақ. Әрі бұрынғыдай қаражаттың игерілуіне емес, нақты нәтижесіне басымдық берілмек.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Үкіметтен келген кодекстің жобасына депутаттардың тарапынан өте үлкен концептуалды өзгерістер енгізілді. Әсіресе ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілген болатын. Осы орайда жаңа кодексін да сол қаражатты нақты мақсаттарға пайдалану жөнінде норма бекітілді. Ел Президенті де бізге осындай тапсырма берген болатын. Енді ұлттық қор қаражаты өндіріске немесе елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына ғана жұмсалатын болады.
Мәжіліс депутаттары жаңа бюджет кодексіінің жобасын жан-жақты талқылап, мақұлдады. Бұдан өзге, пошта туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарады. Бұл ретте кей қызмет түрлерін енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, жөнелтілімдер алу үшін пин-код, QR қолданылады. Сондай-ақ көпқабатты үйлер мен ғимараттарда поштаматтар орналастыру тәртібі қаралды.
Пошта туралы заң аясында ауыл-аймақтардағы жұмысты арттыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындарға көрсетілетін қаржылық қызмет түрі көбейтіледі. Сондай-ақ елді мекендердегі пошта бөлімшелерін қысқартпай, сақтауға баса мән беріледі. Бүгінгі таңда елдегі 6 мыңға жуық ауылда 1900-ден астам пошта бөлімшесі бар.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ең үлкен мәселе – қазіргі кезде бұл ауылдардағы банкоматтарды қызметін қамтамасыз ету. Ол банкоматтарда халық әртүрлі банк карталарымен ақшаларын алады. Бірақ ол банктер ол банкоматтардың қызмет етуіне, оны ұстап тұруға ақша бөлмейді. Міне осы мәселені біз заң арқылы реттегелі жатырмыз. Аптекалар барлық ауылда жоқ. Сондықтан да осы «Қазпошта» арқылы дәрі-дәрмекті жеткізуді қазір қарастырып отырмыз.
Бұл заң жобасы бойынша туындаған сұрақтарға негізінен «Қазпошта» басшысы жауап берді. Айтуынша, компания бүгінде ұзақ уақытқа созылған дағдарыстан табысты ұйымға айналып келеді. Әрі ауылды жерлерде банк қызметін де көрсете алатын жалғыз компания. Бірақ 20 мыңнан астам қызметкері бар акционерлік қоғамға да қолдау болса, шалғайдағы ауылдықтарға да қолайлы болатынын жеткізді.
Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жыл басында 6 295 ауыл болған. Бүгінгі күнде 114 ауыл жабылды. Ең соңғы Солтүстік Қазақстан облысында 42 ауыл жабылды осы жақында ғана. Ондағы пошта үйлері не болады?
Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы:
-Жаңа пошта жеткізу жүйесі тоқталмады немесе жылжымалы пошталық отделениелеріміз бар. Себебі сақтап тұратын шығындар, оның жөндеу шығындары өте қаражаты көп. Ауылдық мекемелердің бәрін жөндеп шығу 14 млрд қаражат сұрап тұр. 244 бөлімшелерді ретке келтірдік.
Белгілі болғандай, енді әлемге танымал жеткізуші компаниялар секілді пошта арқылы да тауарға тапсырыс бере аламыз. Бірақ қауіпсіздік талаптарына орай кейбір заттарға қатысты шектеу болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков