Қарағандыда азаматтық форум өтті
Қарағандыда «Адал азамат – белсенді қоғам» тақырыбында азаматтық форум өтті. Оған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Форум барысында қоғамдық ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен секциялық жұмыс, құқықтық шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Қарағанды обылсында 1 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар бар. Олар азаматтық қоғамда және еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Қоғамның дамуына атсалысып, сөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғауға, түрлі сараптама жүргізіп, әлеуметтік көмек көрсетуге және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Яғни мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер екені сөзсіз, - дейді форумға қатысушылар.
Серік Санаубаев, облыстық Кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры:
- Біз «Әділетті Қазақстанды» құрып жатырмыз. Осы «Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ең бір маңызды жұмыс – ол осы азаматтарымыздың азаматтық қоғамды құрудағы рөлін арттыру. Осы республикамызда болып жатқан саяси, әлеуметтік реформаларға азаматтарымызды белсенді қатыстыру.
Форумға 450 делегат қатысты. Олар азаматтық қоғамды дамыту және оның әртүрлі топтарының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, халық пен билік арасындағы ашықтықты жоюға атсалысып жүрген жандар. Шара барысында пленарлық отырыс ұйымдастырылып, алдағы жоспарлы жұмыстар пысықталды.
Дмитрий Полтаренко, «Қарағанды облысынының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті:
- Бұл біз үшін ортақ мәселелерді талқылауға таптырмайтын мүмкіндік. Өңір үлкен. Бұлай басымыз қосыла бермейді. Форум сонысымен маңызды. Әріптестермен кездесіп, азаматтық қоғамды дамытудағы бірқатар сұрақтардың шешу жолдарын қарастырдық.
Қоғамдық ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері секциялық жұмыстарға және құқықтық шеберлік сабақтарына қатысты. Форум соңында серіктес ұйымдар мен Азаматтық Альянсы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Тараптар азаматтық қоғам құндылықтарын дамыту үшін әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуді көздеп отыр.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар