Хабар телеарнасы

Жетісу облысындағы балалар қиял-ғажайып ертегілер әлеміне саяхат жасады

Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысындағы екі жүз бала да қиял ғажайып ертегілер әлеміне саяхат жасап қайтты. Оқуда озат, өнер сайысында және спортта жетістікке жеткен оқушылар мен әлеуметтік санатқа жататын жеткіншектер үшін Талдықорғанда «Президент шыршасы» ұйымдастырылды. Балаларға сахналық қойылымдар көрсетіліп, тарту-таралғылар табыс етілді.

Жетісу облысының аудан-қалаларынан келген жеткіншектер жаңажылдық шырша шамын Аяз ата Ақшақармен бірге жақты. Періште пейілді бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі құттықтады.

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

-Жаңа жыл көңілге қуаныш жүрекке үміт сыйлайтын игі арман тілектер орындалатын мереке. Сондықтан әрқашан армандарың асқақ, алар асуларың биік болсын дегім келеді.

Оқушылар театрландырылған қойылым арқылы ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алды. Аяз ата мен Ақшақарға тақпақ айтып, өнерлерін ортаға салды.

Данил Топов, «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі:

-Аяз ата, көп рақмет қуаныш берген балаға. Құтты болсын жыл жаңа, аққа орансын жыл жаңа. Бақыт пенен шаттыққа бөлене берсін әр бала. Жаңа жыл құтты болсын!

Айша Алжанбек, оқушы:

-Мен Президент шыршасына Жаркент қаласы Басқұншы ауылынан жалпы білім беретін мектептен келіп отырмын. Біз үйде көпбалалы болғаннан кейін және сабағымды беспен оқығананн кейін осы шыршаға қатысып отырмын. Біз үйде сегіз қызбыз. Бәріміз татумыз. Аспанымыз ашық жаңа жыл құтты болсын.

Ертегі кейіпкерлері мен бүлдіршіндерден жасақталған өнер ұжымдары мерекенің шырайын кіргізді. Былдырлаған бал тілімен ән айтып, би билеп көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Нұрай Рахметолла, оқушы:

-Өте жақсы болды. Мына мейрам маған ұнады. Біздің қыздар басқа қатысушылар өте әдемі биледі. Жақсы әсер алдым. 

Марат Сүлейменов, облыстық білім басқармасының басшысы:

-Биыл республикалық олимпиадалар мен жарыстарға 300 ге жуық бала қатысып, тең жартысы жүлделі орынмен қайтса, халықаралық конкурстар мен олимпиадаларға 34 оқушымыз қатысып, оның 19 жүлделі орындармен оралды.

Жаңажылдық кеште жеткіншектерге тәтті тағамдар мен сыйлықтар тарту етілді. Қуаныш пен шаттыққа кенелген балалар естен кетпес ерекше сезімге бөленді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов