Хабар телеарнасы

2024 жыл: Қазақстандағы басты оқиғалар

Биыл қоғамда резонанс тудырған сот істері қоғамға жария түрде онлайн өткізілді. Заңсыз активтер елге қайтарылып, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге жұмсала бастады.

2024 жылы қазақстандық соттар алғаш рет процестерін ашық онлайн режимде көрсетті. Кез келген адам процесті бақылады. Мәселен, көктемде «әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтің соты әлі ел есінде.

Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот Қуандық Бишімбаевқа 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «қылмысты жасырды» деп айыпталған Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады. Енді Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың айтуынша, Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысы да онлайн өтуі мүмкін.

2024 жылы шетелден қайтарылған активтердің көлемі - 300 миллиард теңге. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Енді қайтарылған барлық актив әлеуметтік мақсатта пайдалануға жіберіледі. Мәселен, аударған 153 миллиард теңгеге 92 мың оқушыға арналған 83 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Биыл жыл басынан бері қайтарылған активтер есебінен 18 мектеп салынған. Одан бөлек, халықтан су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға деп қаржы жинап, сол ақшаны өз мүддесіне жұмсаған қайырымдылық қорының басшысы да ұсталды. Ал екі ай бұрын бір жарым миллиард теңгені қалтасына басқан Перизат Қайратқа қатысты қылмыстың беті ашылғаны белгілі.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қор жетекшісі бұл қаражатқа қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алған.

Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпір ашылды. Жоба көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған. Енді жаңа көпір алты ауданды Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады. Ал тәулігіне 80 мыңға дейін көлік көпір үстімен жүйіткіп өте алады. Оның ұзындығы - 1316 метр. Бұған дейін тұрғындар 50 жыл бойы жазда пароммен, қыста мұз үстімен жүретін.

Биыл елордада төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Дүбірлі додаға қатысуға әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы қатысты.

Қазақстан оқ бойы озық болып, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Жалпы қоржында 112 медаль бар. Оның 43-і - алтын, 32-сі - күміс, 37-сі - қола. Ал екінші орын - Қырғызстанның еншісінде. Үздік үштікті Ресей түйіндейді.

Жалпы мәдени шараларды тамашалауға қазақстандық және шетелдік 100 мыңнан астам турист келді. 64 елден келген 1200-ге жуық журналист ақпарат таратты. Оның ішінде CNN, BBC, Euronews секілді алпауыт телеарналар бар.