Елімізде қыс басталғалы 14 адам суға батып кетті
Елімізде қыс басталғалы 14 адам суға батып кетті. Олардың дені балықшылар, малын іздеуге шыққандар мен балалар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға салынған айыппұл көлемі 5,5 миллион теңгеге жеткен. Бірақ оны ескеретіндер аз.
Қадыр Адамбайұлы 25 жылдан бері балық аулауды әдетке айналдырған. Айтуынша, қыстыгүнімұздың қалыңдығын тексеру өте маңызды.
Қадыр Матякубов, қала тұрғыны:
- Келемін де, тесіп көремін. Егер жұқа болса, ол жерде отырмаймын. 15 см-де отырмау керек. Мысалы, 15 см мына жерде, ал ана жерде 10 см. Мына қардың қалыңдығына қарайды. Мысалы, қар қалың болса, мұз жұқа болады.
Мұздың жұқалығын ескермеудің соңы орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Мәселен, Алакөлдің Жетісу облысына қарасты аймағында мұз опырылып, 25 балықшы жағалауға жете алмай қалды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар шарасыз қалғандарды қауіпсіз жерге шығарды.
Ал өткен түнде Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында үш адам мінген көлік Балқаш көліндегі мұз астына түсіп кетті. Олардың екеуі өз бетінше шығып үлгерген. Ал үшінші адамның денесін сүңгуірлер бүгін тапты.
Мамандардың айтуынша, қазір балаларды өзен үстіне жіберу өте қауіпті. Өткен желтоқсан айында Теміртауда 2 бала Нұра өзенінде ойнап жүргенде мұз астына түсіп, мерт болған еді.
Қуаныш Темірбеков, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері:
- Қараша айынан «Мұз -2024» республикалық профилактикалық акциясы басталды. Осы акция барысында 7 мыңнан аса рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Осы рейдтерде 50 мыңнан аса адаммен нұсқау жүргізілді. Оның ішінде 30 мыңдай балықшылар.
Диана Қадыр, тілші:
- Қыс мезгілі басталғалы құтқарушылар мұз астына құлаған 13 адамды құтқарған. Мәселен, 8-ші қаңтарда Ақмола облысы Жақсы ауданында 4 балықшы жолдан адасып, мұз астына құлаған. Құтқарушылар оларды бір күннен кейін тапқан. Мамандар балыққа шыққанда сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Мұздың қалыңдығы 10 см-ден төмен болса жүруге, 25 см төмен болса балық ұстауға тыйым салынған. Мұзда ойықтар болса, тіпті жақындамау керек. Жылынып алу үшін от жағуға да болмайды. Ережені елемегендерге 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 25 мың теңге айыппұл салынады.
Диана Қадыр, Самат Оспанов