Кибералаяқтық құрбандары көбейіп барады
Былтыр елімізде тіркелген ең көп қылмыс түрі – алаяқтық. 45 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелсе, оның жартысынан көбі интернет кеңістікте жасалған. Ал бұдан сақтанудың жолы қандай? Қауіпсіздікті қалай арттырсақ болады?
Ольга Акимова кибералаяқтар жайлы көп естігендіктен, әр дүниеге сақ қарайды. Сонда да сан соғып қалды. 25 жыл танитын жақын досы көмек сұрағанда Ольга қолында барын берген. Бірақ ақша сұраған досы емес, бейтаныс адам екенін ол кеш түсінеді.
Ольга Акимова, қала тұрғыны:
- Мені алдағанын тек 15 минуттан кейін түсіндім. Досым Максимға хабарлассам, бәрін жоққа шығарды. Сөйтіп Kaspi Bank, БЦК банктарға хабарласа бастадым. Полицияға жүгіндім. Келесі күні ізіне шықтық. Максимның атын жамылып, ақша сұраған 18-дегі ғана қыз екен. Аударған қаржым өтелгеннен кейін жас қой, обалына қалмайын деп, кешірімімді бердім.
Көбіне азаматтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алданады. Алаяқтар ашық дереккөзден, фото мен барлық қажет ақпаратқа еш қиындықсыз қол жеткізеді. Сол себепті әр бөлісетін дүниеге мұқият қарау қажет.
Ілияс Дабылтай, ақпараттық қауіпсіздік маманы:
- WhatsApp – негізі қатты қорғалмаған желі. Өйткені адамдар оны қорғамайды, отыра береді әшейін және өте маңызды нәрселерді жіберулері мүмкін. Құжаттарын, ЖСН, жеке куәлік, парольдер жібереді. Ол дұрыс емес. Біріншіден, ол ақпаратты қорғау керек, ол ақпаратты құпияландырып жіберу керек. WhatsApp-та «двухфакторная аутентификация» деген ұғым бар, ол SMS арқылы WhatsApp-қа кірген кезде тексеру болады. Сіз ол SMS арқылы кіре аласыз.
Айлакерлер технология дамыған сайын көштен қалмай, күн сайын заманауи айла-тәсілдерді қолданудан жалықпайды. Қазір дауысты да жасанды интеллект арқылы көшіруге болады. Опық жеп қалмау үшін бастысы, асығыстық жасамаған дұрыс.
Сондай-ақ бүгінде алаяқтарға төтеп беру үшін Ұлттық Банкте антифрод орталығы жұмыс істейді. Ол күмәнді транзакцияларды анықтап, бұғаттайды. Бірақ алданатындар әлі де азаяр емес. Сондықтан тәртіп сақшылары алаяқтарға тап болғандарға мынандай амал жасау керек,-дейді.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:
- Ең алдымен алаяқпен байланысты үзіп, банктік есепшоттарды шұғыл түрде бұғаттау қажет. Сондай-ақ 102 телефон нөмірі арқылы немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша полиция бөлімшелеріне барып, арыз жазуларына болады. Айғақ заттарды, яғни қылмысқа қатысты барлық мәліметтерді, оның ішінде телефон нөмірлерді, банктік реквизиттерді, хат алмасу көшірмелерін өзімен бірге әкеліп, полиция бөлімшесіне тапсыру қажет. Бұл қаскүнемдерді тез табуға өз септігін тигізеді.
Интернет алаяқтарға 3-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ киберқылмыс шекарадан да асатынын ескерсек, барлығын темір торға тоғыту мүмкін емес. Сондықтан қолдан келер бар амал – жеке деректерді жөн-жосықсыз таратпау,-дейді мамандар.
Дана Әлиева, Айбын Құсанбеков, Вячеслав Ветлугин