Елімізде тағы бір теміржол құрылысы басталады
Елімізде тағы бір теміржол құрылысы басталатын болды. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, Мойынтыдан Қызылжарға жаңа темір жол салуды тапсырды. Үкіметке көлік дәлізі мен әуе тасымалын дамытуды да міндеттеді.
Теміржол – ең сенімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді қатынас құралы. Мемлекет басшысының Мойынты – Қызылжар жаңа бағытын ашуды тапсыруы сондықтан. Президент сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» теміржолын кеңейту қажеттігін айтты. Бұл жобалар Қытай мен Орталық Азия арасындағы жүк тасымалының әлеуетін едәуір арттырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұдан бөлек теміржол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс.
Саланы цифрландыру да – маңызды шаруа. Бұл көлік ағынын басқаруды жеңілдетеді. Алдын ала жоспарлау, қоймаларды қамдау, жаңа тапсырыс қабылдау сынды артықшылығы көп.
Үкіметке жүктелген тағы бір міндет – ел аумағында халықаралық әуе хабын құру. Қазір әлемде ұшақ арқылы жүк тасымалындағы айналым 140 млрд долларға жеткен. Осы нарықта біз де қарап қалмай, өз үлесімізді алуымыз керек. Былтыр қазақстандық әуежайлар арқылы 27 мың тонна жүк тасымалданыпты. Дегенмен біздің әлеуетіміз бұдан әлдеқайда жоғары. Жаңа терминал, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тағы бар.
Өңірлерді дамыту үшін былтыр 7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Мәселен, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань күрежолдары толық пайдалануға берілді. Алдағы екі жылда жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым республикалық маңызы бар жол салынады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Автомобиль транзиті былтыр 5 млн тоннаға жетті. Өсім - 39 процент. Осы деңгейді сақтау үшін жүк тасымалдауға рұқсат берудің электронды үлгісін дамыту және кедендік рәсімдерді жеңілдету жалғасады. Сондай-ақ қосымша 3,6 мың шақырым жолды жөндеу және жаңдан салу үшін тиісті жобалық құжат әзірленді.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жалпы алғанда көлік және логистика саласы бір елдің әдеттегі қатынас құралы ғана емес, халықаралық бизнес ретінде алдыңғы орынға шықты. Транзиттен табысқа кенеліп жатқандар көп. Президент осыған назар аударды және бұл мәселені Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бөлек қарастыратынын айтты. Аталмыш жиын шамамен мамыр айында өтеді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин