Шымкенттегі қос көшенің құрылысын тапсыру мерзімі ұзарды
Шымкентте «Тұран» шағынауданындағы қос көшенің құрылысын тапсыру мерзімі тағы ұзарды. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды уақытылы аяқтауға жекеменшік жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтарудың қиындығы кедергі келтірген. Мұны қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері мәлімдеді. Алайда тұрғындар созбалаңға салынған жөндеуден мезі болғанын айтады.
Жаңадан құрылған Тұран шағынауданындағы басты көшелердің құрылысы кестеден кешеуілдеп жатыр. Ірі жобаны жүзеге асыру 6 жылға созылғанымен әлі де инфрақұрылыммен толық қамтылмады. Салдарынан тұрғындардың орталыққа қатынауы қиындап, таяқ тастам жерге жету үшін лай-батпақ кешуге мәжбүр.
Лаура Аңдақұлова, қала тұрғыны:
- Жаңбыр кезде мына жердің бәрі су болады. Тратуармен жүрейін десек, ол да әлі толық бітпеген. Үзіп қоя берген. Арасының бәрі үзік-үзік. Жүре алмайсың.
Инженерлік желілер мен коммуникациялық жүйелер де толық тартылып бітпеген. Салдарынан көшелердің қиылысындағы бағдаршамдар жиі істен шығады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қожаберген жырау көшесінде қауіпті учаске пайда болды. Мұнда асфальттың бір бөлігі бүлініп, жол жиегі опырылып түскен. Сондықтан қас қарайғанда көлік қозғалысы қиындайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан құрылған еріктілердің назарына әлеуметтік маңызы бар қос көшенің құрылысы ілікті. Белсенді топ тендерге талдау жасап, атқарылған жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамамен сәйкестігін тексерді. Осыдан кейін тапсырыс берушілер тарапынан Қожаберген жырау көшесінің құрылысына қатысты сотқа талап-арыз берілді. Ал жетінші көше аталып кеткен жобаның созбалаңға салынуына жекеменшік жер телімдерді мемлекетке қайтару қиындықтары себеп болған.
Бақыт Әбдікәрім, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
- Жетінші көшенің құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы наурыздың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал оныншы көшенің құрылыс жұмыстары бойынша 2024 жылы аяқтамағы үшін және биыл бастамағаны үшін сотқа беріп жатырмыз.
Бұған дейін қос көшенің бойына тым жақын орналасқан 96 учаске мемлекет меншігіне қайтарылды. Жекенің иелігіндегі тағы 60 жер телімін қайтару үшін құрылысты аяқтау мерзімі ұзартылды. Сала мамандары бұл қос көшеден бөлек тағы үш жобаның жеңімпазына айыппұл салынып, жұмысты жеделдету тапсырылғанын айтады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы