Хабар телеарнасы

«Қазпошта» қалай дамиды?

Бір кездері құрдымға кете жаздаған «Қазпоштаны» еліміз қайта жандандыруға ниетті. Үкімет, әсіресе, ауылдағы пошта бөлімшелерін сақтап қалудың қамын жасамақ. Осы мақсатта бүгін Сенат, тиісті Заң жобасын мақұлдады. Құжатта қандай өзгерту мен толықтырулар бар? «Қазпошта» қалай дамиды?

Қазақстанда қазір 2 мың 834 пошта бөлімшесі бар болса, оның 2 мыңнан астамы ауылды жерлерде. «Олар хат пен газет-журнал тасу қызметін ғана емес, елді мекеннің кішігірім банкі, халыққа қызмет көрсететін орталықтың жұмысын да атқарып отыр. Сондықтан поштаның ауылдағы рөлі өте зор»,– дейді сенаторлар.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-«Қазпошта» деген енді үлкен әлеуметтік рөлі бар. Саяси рөлі бар деп айтсақ та артық болмайды. Өйткені біз өңірлерді дамытуымыз керек. Шалғайдағы ауылдарды қолдауымыз керек. Онда халықтың тұрмысына тиісті жағдайларды жасауымыз керек. Сондықтан бұл өте маңызды мәселелер. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да тоқталып кеткенін білесіздер.

Алайда ауылдағы пошта бөлімшелерінің жағдайы қазір мәз емес. Ғимараты тозған, материалдық техникалық жарақтандырылуы нашар. «Қазпоштаның» тіпті, қарапайым қарауыл жалдайтын шамасы жоқ»,– дейді депутаттар. Сондықтан жергілікті әкімдіктің көмегі қажет. Бұл заңға енгізілді. Енді ауылда жабылудың аз-ақ алдында тұрған пошта бөлімшесін сақтап қалу үшін «Қазпошта», елді мекен әкіміне кемінде 3 ай бұрын хабарлауы тиіс.

Шәкәрім Бұқтұғұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты   

-Ауылды жерлердегі 2054 пошта бөлімшесінің 773-і халық саны 2 мыңға жетпейтін елді мекендерде орналасқан. Ал олардың 90% тиімсіз жұмыс істеп отыр. Яғни табысынан шығыны көп. Оған тозығы жеткен көліктерді қосыңыз. «Қазпоштаның» иелігіндегі 2 мыңнан астам көліктің төрттен бірі - жарамсыз.

«Сөйтіп жылына бас-аяғы 10 млрд теңгеден астам шығынға батамыз»,– дейді, «Қазпошта» басшысы. Мемлекеттен жыл сайын 2 млрд теңге алады. Дегенмен Үкімет «Қазпоштаға» мүмкіндік беріп отыр. Енді ұлттық операторға медициналық заттар мен дәрі-дәрмек тасымалдауға рұқсат етіледі. Ал «Қазпошта» тарапынан қандай қам-қарекет бар?

Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

-Сәлемдемелердің көлемін өсіру үшін біз электрондық коммерция, басқа да бизнесте тасымалдаушы, курьерлер деген секторға кіретін боламыз. Орта және кіші бизнеспен бірге олардың ішінде пошта бөлімшелерін ашатын боламыз. Үлкен қалаларда бастадық. Астана, Алматы, Шымкентте біздің өткен жылы 200-дей бөлімшелер ашылды. Осы жылы мыңдаған магазиндермен бірге пошта бөлімшелерін ашамыз.

Түрлі ғимараттар мен көппәтерлі тұрғын үйлерде «Қазпошта» енді мынадай поштоматтарды да көптеп орнатады. Оларды қою мәселесі де осы заңмен реттеледі. Аталған пошта жәшіктері QR-кодтармен жабдықталып, тауарды тапсырыс беруші ғана емес, оның сенімді өкілі алатындай жағдай да жасалмақ.

Сәлемдемелер көбейген соң оларды сақтап, сұрыптайтын орын да қажет болады. Ұлттық оператор алдағы жылдары Ақтөбе әуежайының аумағынан алып мультимодальдық қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша «Қазпошта» замана көшінен қалмауды көздейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Әлібек Әлиев