Бензин қаншаға қымбаттайды?
Жанар-жағармай бағасын бүгіннен бастап мемлекет қолдан ұстап тұра алмайды. Енді жанар-жағармай өнімін нарықтың өзі реттейді. Бензин қанша қымбаттайды? 400 теңгеге барады деген долбар қаншалықты қисынды? Көрші елдердегі жанар-жағармай нарқы қандай?
Соңғы бірнеше күнде ақпарат айдынындағы жұлдызды спикерлердің бірі – Алмасадам Сәтқалиев. Энергетика министріне қоғамның аңсары неліктен ауа қалды деп сұрауыңыз мүмкін. Бірақ мәселе министрде емес. Бензинің жайына алаң жұрт. Жанармайдың бағасына енді Үкімет араласпайды, бағаны нарық реттейді. Бұл дегеніңіз, анау АИ-92 205 тг деген сандар келесі айда өзгереді деген сөз.
Қаншаға өзгереді? Себебі бұған дейін кейбір сарапшылар АИ-92 400 теңгеге дейін барады деген болжам айтқан.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Қазір біздегі реттелетін шекті баға АИ-92ге 205 тг. Бағаны ырықтандырумен байланысты таза нарықтық тетіктер тұрғысынан қарасақ ол кем дегенде көрші нарықтардағы бағамен теңесуі тиіс. Атап айтқанда Ресей. Ондағы баға шамамен 290-300 тг. Дей тұрғанмен бұндай тәуекелді ескере отырып, Үкімет бағаның күрт өсіп кетуіне жол бермес үшін әкімшілік, нормативтік шаралардың барлығын қолға алады. Инфляция деңгейі де ескеріледі.
Сарапшылар жанар-жағармай бағасын ырықтандыру, яғни еркін нарықтық реттеуге жіберу қадамын мұнайдың ішкі және сыртқы бағасымен байланыстырады. Осы уақытқа дейін ішкі нарыққа, халықтың тұтынуына шығатын мұнай мен оның өнімдері үшін мемлекет өндірушілерді төмен бағамен сатуға міндеттеп келді. Яғни өндіріс шығын шегіп келді.
Рашид Жақсылықов, «Қазақстанның Мұнай Сервис Компаниялары Одағы» төралқа төрағасы:
-Халықтың талабын, мемлекеттің уәдесін орындап отырған кәсіпорын екенін ұмытып кетеміз. Бірақ енді біз қазір мемлекеттің уәдесі халықтың талабын орындайтын болсақ, кәсіпорыннан айырылып қалсақ, кәсіпорын өзінің қазіргі таңда шегіп отырған шығынын өтей алмайтындай жағдайға жететін болса, ол ертең банкрот болатын болса, бұдан да қиын жағдайға түсеміз.
Ресейде АИ-92-нің бір литрі 60 рубль. Бұл шамамен 312 теңге. Бензиннің қолжетімділігін қамту үшін олар реттеу тетігін қолданып отыр.
Вячеслав Мищенко, консалтингтік компанияның басқарма директоры:
- Ресейде өңдеушілерге экспорттық баға мен ішкі нарықтағы баға арасындағы айырмашылықты өтейтін демпфер деп аталатын механизм бар. Қазақстанда да осы бағытта шаралар қабылданып жатқан болу керек. Жанармай арзан болу тиіс дегендерге айтатыным: біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, тегін ештеңе де жоқ. Мұнай-газ саласы дамуы керек, ол өзіне қолайсыз жағдайда тиімді бола алмайды.
Әлемдегі мұнайлы алпауыттың бірі - Біріккен Араб Әмірліктері. Бір қызығы бензин құны елде ай сайын құбылып тұрады.
Мұхамад Гуфран, Абу Даби тұрғыны:
-Үкімет келер айдың бағасын әзірге жарияламады. Оншақты жыл бұрын жанармайды 1 дирхамға сатып алушы едім. Қазір екі есе қымбат. Былтыр мамыр айында баға бірден 30 пайызға артып, қиналғанымыз бар.
Айта кетсек, әмірліктің жанармайға жауапты комитеті желтоқсан қаңтар айларына бағаны өзгеріссіз қалдырды. Қазір жанармай құю бекеттерінде көпшілік көп қолданатын special 95 маркалы бензин біздің ақшаға шақсақ 352 теңгеге саудаланып жатыр
Шығыстағы көршіміздің электр көліктерін неге көптеп шығара бастағанын бензин бағасынан аңғаруға болады. 92-ші маркалы отын Хайнаньда 666, Шанхайда 617, Шыңжанда 569, ел астанасы Бейжіңде 582 теңге. Соңғы 20 жылда бензин бағасы Қытайда 200 пайызға қымбаттаған.
Ал көрші елдердегі бағаларға келсек. Бізде АИ-92-нің литрі – 205 теңге тұрса, Ресейде ол 312, Қырғызстанда 385, Өзбекстанда 489 теңгеден саудалануда. Дизель отынының бір литрі бізде 295, Қырғызстанда 427, Ресейде 355 және Өзбекстанда 528 теңге.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келесі айдан бастап бензин бағасы өседі, алғашқыда ол 5 теңгеден аспайды деп сендірді. Егер бірден 30 теңгеге қымбаттап кетсе, монополияға қарсы орган келіп сәлем беріп кетеді.
Демек демалыс күндері жанармай құю бекеттерінен АИ-92 210 тг сомасын көріп қалуымыз бек мүмкін.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айбын Құсанбеков