Мемлекеттік қызметке іріктеу толықтай онлайн жүйеге көшеді
Мемлекеттік қызметке іріктеу биыл толықтай онлайн жүйеге көшеді. Аталмыш жоба былтыр 68 мекемеде сынақтан өткізіліп, оң нәтиже көрсеткен.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай айтты. Азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді бақылау да цифрлық жүйеде жүргізіле бастапты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2024 жылғы атқарылған жұмысты қорытындылады. Азаматтарға көрсетілетін қызметтерді бақылау – негізгі міндеттің бірі. Осы бағытта былтыр 150 мыңнан астам бұзушылық анықталған. Оның 37%-і онлайн мониторинг нәтижесінде белгілі болған.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Сізден мүмкін қажет емес құжаттарды сұрап қалуы мүмкін немесе сіздің берген өтінішіңіз 3 күнде орындалу керек болса, оны 5 күнде орындап жатады немесе 2 апта ішінде құжат дайындап беру керек болса, ол 2 апта емес, жаңағы 20 күнге созылып кетуі мүмкін. Осындай бұзушылықтарды мониторинг арқылы аңықтап отырмыз.
Мемлекеттік қызметте бір орын босаса оған кемінде 4-5 адам таласады. Түбінде тамыр-танысы барлар ғана жұмысқа қабылданады деген әңгіме қоғам арасында жиі айтылады. Міне, осындайға жол бермеу үшін былтыр конкурстарды онлайн өткізу басталды. Не өзгерді? Бұл жерде үміткердің аты-жөнін байқау біткенге дейін ешкім білмейді, тіпті бейнесін де көре алмайды. Былтыр осы «Е-қызмет» жүйесі 68 мемлекеттік органда сынақтан өткізілген. Конкурсқа 38 мың адам қатысып, көп ұпай жинаған 6 мың үміткер жеңімпаз атаныпты. Биыл жыл соңына дейін барлық мемлекеттік орган осы тәсілге көшеді.
Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Мемлекеттік қызметті дамытудың 5 жылдық тұжырымдамасы бекітілді. Қазіргі өзгерістер, цифрландыру соның аясында жүргізілуде. Сондай-ақ енді мемлекеттік қызметшіні жауапкершіліктен босату деген болмайды. Тіпті ол жұмыс орнын ауыстырғаннан кейін ол адамның бұрын қабылдаған шешімдерінен кемшілік анықталса, соған жауап береді. Яғни мойнынан міндет түспейді.
Аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға жоғары оқу орындарын үздік бітіргендер байқауға жіберілмейді. Қызметке бірден қабылданады. Бүгінге дейін осы тәртіппен 445 түлек жұмысқа орналасыпты.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин