Хабар телеарнасы

Қызылорда облысындағы көпсалалы ауруханада орын тапшы

Қызылорда облыстық көпсалалы ауруханасын қайта жабдықтауға соңғы екі жылда шамамен 800 миллион теңге бөлінген. Соның арқасында дәрігерлер күрделі операцияларды өздері жасап, көптеген науқасты аман алып қалған. Алайда медициналық мекемеде орын тапшы. Бұл мәселе қашан шешіледі?

7 жастағы Іңкәрдің бүйрегінде кінәрат бар. Туа біткен гидронефроз ауруы хирургиялық жолмен емделеді. Осыдан екі ай бұрын қыз бала анасымен бірге республикалық орталыққа баруы тиіс еді.

Гүлсезім Науханбай, Қазалы ауылының тұрғыны:

- Осы жақта негізі ағай айтқан Алматы жақтарға жібереміз деп. Өзім осы жақтағы балалар ауруханасына келе берейін, сеніп тұрмын сізге деп. Сонымен таңертең келдік, операцияны жасады. Шүкір, жағдайымыз жақсы қазір.

Балалар ауруханасын жабдықтауға кейінгі екі жылда 813 миллион теңге бөлінген. Медициналық мекеме соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жалпы хирургия, жарақаттану және нейрохирургия бөлімшелеріне заманауи құрылғылар алынған.

Әлімжан Төлегенов, балалар хирургі:

- Бұл құрал жабдықтарды қолданып жасағаннан кейін баланың ағзасына зиянды әсері өте төмен. Реабилитациялық қалпына келуі өте аз күн қалпына келеді, үшіншіден, бұл операциялар бұрын республикалық ұлттық ғылыми орталықтарда жасалып жүрген. Қазір біз облыстық деңгейде жасап жатырмыз.

Сондықтан болар, ауруханада орын тапшы. Емдеу мекемесі қалыпты нормадан екі есе артық жүктемемен жұмыс істеп жатыр.

Әбдіғабит Әбіләзім, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Маусымдық аурулардың көбеюіне байланысты төсек-орындар жетіспеуіне байланысты аурухана 440 төсекке көбейтілді. Дегенмен де оның бәрі санитарлық талаптарға сәйкес келмейді.

Мая Мирзанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыстық балалар ауруханасының жүктемесін азайту мақсатында бүгінгі күні қалалық балалар ауруханасын жеке өз алдына бөлек стационар ретінде ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.

Қызылорда қаласында қалалақ балалар ауруханасын ашу осы жылдың жаз айына жоспарланып отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдолдаев