Азаматтық авиация кәсіби мерекесін атап өтті
14,7 млн жолаушы. Былтыр осынша адам ұшақ арқылы ел ішінде және халықаралық бағыттарда қатынаған. Оларға қызмет көрсеткен Қазақстандағы азаматтық авиация ұжымы өткен демалыс күндері кәсіби мерекесін атап өтті. Сарапшылардың болжауынша әуе тасымалына деген сұраныс жыл өткен сайын арта түседі. Сол үшін біздегі әуежайлар жаңғыртылып, жаңа рейстер ашылуда.
Қазақстандағы азаматтық авиация. Оның дамуы 1926 жылдан басталады. Алғашқы жолаушылар ұшағы әуеге Қызылордадан көтеріліпті. Ол Мәскеуге ғана қатынаған. Кейіннен бұл қатарға Алматы қосылды. Қазір ол тұтас салаға айналды. Бүгінде 50 ішкі бағыт бар. Халықаралық рейстер әлемнің 116 қаласына қатынайды.
Әділет Көбенов, Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:
- Тасымалдау көрсеткіші 2024 жылғы нәтиже бойынша 14,7 млн жолаушы тасымалданды. 11% артып отыр. Жүк тасымалдау өткен жылғы нәтиже бойынша 27,9 мың тонна жүк тасымалданды. 17% артып отыр.
2030 жылға қарай жолаушылар ағынын 25 млнға жеткізу көзделуде. Ол үшін былтыр Алматы, Қызылорда, Шымкент қаласында үш ірі терминал іске қосылды. Биыл Кендірлі, Қатон-Қарағай, Зайсан әуежайларын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Марат Базарбаев, Әуеайлақтар және жерде қызмет көрсету департаментінің авиациялық инспекторы:
- Қазақстанда 24 әуежай пайдалануда, оның ішінде 18 халықаралық әуежай, барлық халықаралық әуежайлар деген күрделі ауа райы жағдайында қарсы алып, шығаруға, визуалды және аспапты жабдықтармен жабдықталған. Павлодар әуеайлағындағы ұшу қону жолағының күрделі жөндеу жоспары бар. Балқаш қаласының қайта жаңартуды аяқтау жоспарлары бар.
Әділет Көбенов, Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:
- Өткен жылы халықаралық бағыт бойынша 22 бағыт ашылды, қайта жандандырылды. Биыл жоспар бойынша Вьетнам, Қытай, Мюнхен қаласына, Будапешт қаласына, Шанхан басқа қалаларға рейс ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бірқатар шетелдік авиакопания нарығымызға кіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда осыдан бір ғасыр бұрын негізі қаланған салада қазір 25 мыңнан аса адам еңбек етеді. Ал азаматтық авиациясының мемлекеттік тізілімінде 944 ұшақ бар. Олардың қауіпсіз ұшып-қонуы, дәстүрлі және жаңа бағыттарға шығуын үйлестіріп отырған осы мамандар.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин