Хабар телеарнасы

Алматыдағы №30 мектеп-гимназия жөндеуге жабылады

Білім ошағы осыдан 45 жыл бұрын салынған. Содан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазір онда мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оқушылар осы тоқсанды аяқтаған соң 4 мектепке бөлініп оқиды. Қазір балаларды тасымалдау мәселесі қаралып жатыр. Қажет болған жағдайда автобус бөлінеді. Құрылыс наурыз айының соңында басталады. Ғимаратты түгел жаңартуға қазынадан 5,3 млрд теңге жұмсалады. Инфрақұрылым мен инженерлік желі де ауыстырылады. Мектеп толық заманауи технологиямен жабдықталады.

Есбол Әбділдабекұлы, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

-Құрылыстың ұзақтығы 17 ай, өйткені толыққанды жұмыс жасап өтетін болғандықтан 17 айға дейін созылады. Ертерек босатпасақ мектепті келесі оқу жылына келген кезде оқу басталу процесіне өте кедергісі болады. Сондықтан біз алдын ала босатып мектепті жалпы құрылысқа беруіміз керек.