Алматылық волонтерлер Абай Құнанбайұлының туған жеріне жаяу шықты
Алматылық бір топ волонтер ұлы ойшылдың туған жері Жидебайға жаяулатып жолға шықты.
Алматыдан Жидебайға жаяу жетуді мақсат еткен азаматтар – Ермек Құбашев, Данияр Балтаев және ағайынды Дәулет пен Дамир Күшеевтер. Жолға қажетті заттарын, киімдері мен азық-түліктерін буып-түйіп, әзірлеп алған. Ас-ауқаттарын табиғат аясында әзірлемек. Бұған дейін ешқайсысы мұндай сапарға шығып көрмеген.
Дамир Күшеев, топ жетекшісі:
- Абайдың шығармашылығымен жіті таныспын дей алмаймын. «Абай жолы» туралы естігенім болмаса, бір бетін де ашып оқымаппын. Бірақ біз романның аудионұсқасын жазып алдық. Жолда тыңдап барамыз.
Абай Құнанбайұлының туған өлкесі Жидебай мен Алматының арасы 1200 шақырым. Сапарға шыққан жігіттер ақынның туған жерімен жақын танысып, жолда көрген-білгендерін бейнетаспа мен фотоға түсіріп, көпшілікпен бөліспек.
Данияр Балтаев, волонтер:
- Әр қоржынның салмағы 22 келі. Ішіне қажеттінің барлығын салдық. Сапарымыз «Абайға жол» болған соң, жолда көрген-білгенімізбен әлеуметік желіде бөлісіп отырамыз. Тарихи-танымдық деректі фильм әзірлейміз.
Дамир Күшеев бастаған топ күн сайын 30-40 шақырым жолды еңсеруді жоспарлапты. «Сөйтіп, Жидебайға кемінде 30 күнде жетеміз деген ойдамыз», – дейді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон