Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған онлайн форум өтті
«Жібек жолында өркениеттер үндестігі» деп аталған шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов және шетелдік сарапшы-мамандар қатысты. Жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы ұлы ойшылдың мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау мен ғұламаны ұлттық бренд ретінде ілгерілету бойынша біршама жұмыс атқарылғанын айтты. Форум ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өтуі тиіс еді. Алайда әлемдегі ахуалға байланысты онлайн форматта өтті.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
-Біз ұлы бабамыздың ғылыми жаңалықтарын жаңа ғасырдың сұранысына сай зерделеуге баса мән беріп келеміз. Әл-Фараби мұрасының аясында жасанды интеллект, этика және рухани дамумен байланысты проблемаларды зерделеу бойынша пәнаралық жобаларды қолдауға мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Еліміздегі Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми технологиялық алқабын құру жөніндегі жобаға бастама қолға алынуда.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі Академиясының президенті:
-Бүгінгі жиынның бір маңызы бұған Оңтүстік Кореядан бастап, бүкіл Үндістан, Пәкістан, жалпы Қиыр Шығыс, Таяу Шығыс, Европа, Африка, бүкіл 4 құрлықтың ғалымдары, 4 діннің өкілдері қатысады. Біз әл-Фарабидің бір кітабын аударып шықтық. Ол өте күрделі тілге, логикаға байланысты. Классикалық араб тілінен аударылады. Жақын арада таныстырылымы өтеді.