Алматыдағы кинотеатрлар «Миллионға тұрарлық махаббат» фильмімен маусымын ашты
Отандық фильм Алматыдағы кинотеатрлар маусымын ашты. Продюсер Тимур Бақтыбаевтың картинасы үлкен экранға мамыр айында шығуы керек еді. Пандемияға байланысты кейінге шегерілген. Енді, міне, араға алты ай салып, фильм прокатқа шықты.
«Миллионға тұрарлық махаббат» – продюсер Тимур Бақтыбаевтың тырнақалды туындысы. Комедиялық жанрда түсірілген фильмде қомақты ақша ұтып алып, аяқастынан миллионер атанған ажырамас екі достың оқиғасы суреттеледі. Ақша бәрін шешеді деген кейіпкердің бірі байлығына махаббатты да сатып алмақ болады.
Гүлнәр Сильбаева, актриса:
– Менің кейіпкерімнің аты – Марго. Ол Дина Тасболатова ойнайтын бас кейіпкердің құрбысы. Қарапайым отбасынан шыққан. Бірақ өзіне жарасатын қылығы бар. Фильм өзгермейтін өмірлік құндылықтарды насихаттайды. Жағдайға, ақшаға тәуелсіз ұғымдар бар екенін көрсеткіміз келді.
Карантин талаптарына сәйкес, залдағы көрермендердің саны 30 проценттен аспауы тиіс. Келушілер санын шектеу фильмнің кассасына әсер ететіні де сөзсіз. Дегенмен шығармашылық топ: «7 айлық үзілістен соң көрерменге жаңа туындыны көрсетуге асықтық», – дейді.
Тимур Бақтыбаев, фильмнің продюсері:
– Халық киноны сағынды деп ойлаймын. 7 ай бойы көрмеді, кинотеатрға бара алмады. Қыдыра алмады. Енді адамға да бір шығармашылық өмір керек қой. Көру керек. Сол жағынан қорыққан жоқпын. Себебі менің ойымша, халық біраз үйде отырып қалғаннан кейін киноға баратын секілді болды. Бұл да бір тәуекел, әрине.
Кинотеатрда санитарлық талаптар қатаң сақталған. Көрермендер залда араға екі орындық тастап отырады. Әр сеанс біткен сайын кварц қосылып, қол тиетін жерлер сүртіліп, тазаланады. Кинотеатрда көрермендер бетперде тағып, арақашықтықты сақтауға міндетті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов