ҚР Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев туралы тарихи дерек мойындалды
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі – осының дәлелі.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі оның қайтпас ерлігін, тарихтан мүлде сызып тастауға тырысқандар болды. Кеңес Одағы кезінде жазылған тарихта да, ресми деректерде де оның аты қасақана аталмай келді. Тиісті наградасы да берілмеді.
Бірақ таяуда Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми парақшасында Рейхстагқа бірінші боп жеткен Қошқарбаев пен Булатов екені жарияланды. Онда қос сарбаздың қолдан тігілген қызыл жалауды ғимараттың бас кіреберісіне ілгені туралы жазылған. Бұл тарихи шындыққа бір табан болса да, жақындауды білдірсе керек.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Бұл – елордадан 15-20 шақырымдай жердегі Тайтөбе ауылы. Біз қазір Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінде тарихи маңызы бар нысандардың бірінде тұрмыз. Ауыл шетіндегі мына үй бір ғасырдай уақыт бұрын салынған. Сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілгені болмаса, қабырғасы сол күйінде сақталған. Кезінде мұнда жетім балалар тәрбиеленген интернат болған. Ата-анасынан ерте айырылған Рақымжан Қошқарбаев 1932-1939 жылдары дәл осы үйде дәріс алып, тәрбиеленген.
Рақымжан Қошқарбаев майдан даласына 1944 жылдың күзінде келіп кіреді. 150-атқыштар дивизиясында взвод командирі болып, Беларусь, Польша шайқастарында болады. Ал 1945 жылдың сәуір айында Берлин түбіндегі соғыстың ең сұрапыл шайқасына қатысады. Батальон командирі Рейхстагқа ту тігуге аттанатын алғашқы топты басқаруды Қошқарбаевқа жүктейді. Бұл өліммен тең тапсырма еді.
Қарша борап тұрған оқ пен оттың ортасынан еңбектеп өткен екеу 300 метр жерде тұрған Рейхстагқа 7 сағат бойы жүріп барады. Ғимараттың қабырғасына Қызыл жалауды тігеді. Екеудің ерлігін сол күннің ертеңіне-ақ майдан газеттері жарыса жазып жатты. Бірақ пендешілікпен әділдіктен аттап кеткендер де болды. Сол кездегі солақай саясатқа байланысты «Жеңіс туын» тігу мәртебесі тек орыс және грузин ұлтына тиесілі болу керек еді. Сондықтан соғыстың қанды қырғыны бәсеңдеген сәтте Егоров пен Кантария Жеңіс туын ресми түрде Рейхстагтың төбесіне апарып қадады делінген.
Амангелді қашқынбаев, мемлекет тарихы институты директорының орынбасары:
- Сол уақытта Булатов аздап наразылық білдірген екен. «Жеткен бейнеқор біз ғой, оның үстіне командир бізге кім бірінші жетіп жалауды қадаса, «Кеңес Одағының батыры» атағын береміз деп айтқан. Неге біз алмай жатырмыз?», - деген Булатов. Сталин шақырып алып: «Сәл шыда, Кеңес Одағының батыры атағын береміз. Бірақ әзірге кезегіңді бере тұр. Өзіңнің ерлігің туралы 20 жыл үндемей тұра тұр», - дейді. Бірақ сол 20 жылға шыдамай Булатов түрмеге де отырды.
Ал ресми жазбалар мен тарихи оқулықтарда Рейхстагқа ту тіккен Егоров пен Кантария деп жазылды. Кезінде Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев бастаған азаматтар жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағын беруді сұрап, Мәскеуге бірнеше рет шығады. Бірақ бұл ұсыныс жауапсыз қалды. Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңістен кейінгі жолы оңай болмады. 1937 жылы әкесінің «Халық жауы» деген жаламен ұсталып кетуі де алдынан қайта-қайта кесе-көлденең шығып отырды.
Рымжан Мұсабекқызы, Р. Қошқарбаевтың немере қарындасы:
- Бір күні қарасам, барлық орденін қара костюміне іліп қойыпты. Мүлдем киген жоқ. Шифонерінде тұрды өлгенінше.
Амангелді Қашқынбаев, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары:
- Шындыққа жете алмай кетті ол кісілер. Кеңес одағының батыры атағына ұсынылды деген ресми қағаз бар. Жазулы тұр.
Тек 1999 жылы Елбасының Жарлығымен Р. Қошқарбаевқа Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы берілді. Оның есімімен аталатын көше мен мектеп, елді-мекен бар. Бірер жыл бұрын Елорда төрінен еңселі ескерткіш ашылды. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайтыны» секілді ерлік те ешқашан ұмытылмайды.