Елордада «Где мое кольцо?» фильмінің тұсауы кесілді
Комедия, драма, шытырман жанрларына негізделген фильм «Где мое кольцо?» деп аталады. Елордада туындының алдын ала көрсетілімі өтті.
Айқын Төлепберген – фильмнің идея авторы, продюсер әрі басты рөлді сомдаған актер. Кәсіби актерлер да жетерлік. Шығармашылық топта бас-аяғы 51 адам жұмыс істепті.
Айқын Төлепберген, «Где моё кольцо?» фильмінің продюсері:
- Фильмде кәсіби актерлерден Құмар Лұқманов, Рүстем Жаныаманов ойнайды. Содан кейін басты рөлді өзім және жұбайым Жұлдыз Өмірғали сомдайды. «Где моё кольцо?» – көңіл-күйді көтеретін кино. Бастапқыда идеясы менікі болды, ары қарай сценаристер жазды.
Көп түзету мен толықтырудан соң, әртүрлі жастағы көрермен талғамынан шығатын тамаша кинотуынды өмірге келді. Кейіпкерлер фильмнің атауына сәйкес үнемі сақинаны іздеумен әлекке түседі. Тіпті қулыққа барып, бөтен әулетте құданың, ал тағы бір жерде дәрігердің қызметін атқарады. Әдетте тек мейірімді кейіпкер болатын актер Рүстем Жаныаманов бұл жолы ұры ретінде өзін жаңа қырынан танытқан.
Рүстем Жаныаманов, кино және театр әртісі:
- Осылай рөлімізбен ауысқанымыздың өзі өте қызық болды және жұмыс басқаша жүрді. Актерлік жолымда тек жақсы адамдарды ғана ойнай бермей, антагонисті де ойнағым келеді. Сонымен халыққа қызық боламын деп ойлаймын.
Фильм осыдан 1.5 жыл бұрын түсіріліп біткен. Бірақ пандемия, басқа да тәуекелдерге байланысты кейінге шегеріліп отырған. Міне, Елордада ресми таныстырылымы өтті. Енді көрермен 20 мамырдан бастап еліміздегі «Kinopark & Kinoplexx» кинотетрларынан тамашалай алады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дәурен Жұрқабаев