Ақтөбеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті
Ақтөбеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. Дәстүрлі сайысқа биыл 268 жанұя қатысып, 8 әулет жүлделі орынға ие болған.
«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде биыл Ғазиз Займолда ақсақалдың жанұясы үлгілі деп танылып, бас жүлдені иеленді. Зайыбы Екатерина Қалиевамен елу жыл отасқан ойылдық зейнеткер 6 бала, 15 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Бұл әулет шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық өнердің шыңын бағындырған. Жалпы білім беру саласындағы отбасылық еңбек өтілі екі жүз жылдан асыпты.
Ғазиз Займолда, зейнеткер:
- Өзіміздің ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтау, соны әрі қарай жалғастыру. Шет мемлекеттерде мұндай байқау жоқ. Мұндай дәстүр жоқ. Баласы әке-шешесін бағу дейтін оларда, дамыған капиталисттік елдердің өзінде жоқ. Мінекей, біздің қазақ елінің артықшылығы осында.
Бұл жолы бас жүлдеден бөлек тағы 7 отбасына марапат әзірленген. Барлығы да адал еңбегімен көптің аузында жүрген өнегелі жанұя. Мәселен Хромтау ауданынан келген Бекмағамбетовтер әулеті Қарлау ауылында бастауыш мектеп құрылысын қолға алыпты. Отағасы: «Туған жерге сый ретінде білім ордасын салу – азаматтық борышым», – деп біледі.
Жұмабай Бекмағамбетов, кәсіпкер:
- Әріпестерім енді осыдан үлгі алатын шығар деп ойлаймын. Бәріміз де осы Қазақстан мемлекетінде тұрып жатырмыз. Осы Қазақстан мемлекетінің әр кәсіпкері пайдалы іс істесе, жақсы болар еді.
Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған сайыста негізгі жүлдегерлерді айтпағанда, биыл «Қара шаңырақ», «Шапағат шуағы», «Бірлік босағасы» номинациясы бойынша үздіктер марапатталды. Ұлттық байқаудың ақтық кезеңі қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков