Цифрландыру төрт түлікті бақылауды жеңілдетеді

  • 69
  • 16.07.2025, 18:46

Ауыл шаруашылығы жануарын түгендеу жөніндегі бірыңғай цифрлық дерекқор өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Ол eGov порталы сияқты жұмыс істейді. Жаңашылдықты Павлодар облысының ветеринарлары мен шаруа қожалық  өкілдері жоғары бағалап отыр.

Қазір төрт түліктің әрқайсында өзінің жеке нөмірі мен құжаты бар. Бұл цифрлық технологияның жемісі. Әр жануардың вакцинациясы мен миграциясын бақылауға мүмкіндік беретін дерекқор базасы құжат айналымын азайтуға сеп болды. Жаңашылдық ветеринар мамандармен қатар тұтынушыларға да ыңғайлы. Мал немесе оның өнімін сатып алушылар тауар жайлы деректерді осы базадан кедергісіз көре алады.

Асылтас Тілеубаев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Базарларға, дүкендерге келіп жатқан еттерді бүгінгі таңда QR-код арқылы тексеруге болады. Ол қай жерден келді, қайда сойылды, қандай мал дәрігері тексерді, одан кейін экспертизаның нәтижесі қалай шықты, соның бәрін QR-код арқылы байқауға болады.

Цифрландыру технологиясы шаруа қожалықтары үшін де тиімділігін байқатты. Құжаттың бәрі сандық форматта рәсімделеді. Нәтижесінде ветеринарлық анықтама мен субсидия алуға кететін уақыт айтарлықтай қысқарды.

Мансұр Манабаев, шаруа қожалығының жетекшісі: 

- Бізде 300-ге жуық асылтұқымды ірі қара бар. Оның әрқайсы бірдейлендіру базасына тіркелген. Сондықтан құжат рәсімдеуге аса көп уақыт қажет емес. Анықтама алу үшін ветеринарлық станцияға алдын ала тапсырыс беріп қойып, дайын болғанда алып кетеміз. 

Статистикаға сүйенсек, Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында 535 мыңнан астам сиыр, 290 мың жылқы, 102 мың шошқа, 702 мың қой мен ешкі, сондай-ақ 162 түйе тіркелген. «Цифрлық есепке алудың нәтижесінде ветеринариялық тәуекелдерге жедел ден қоюға мүмкіндік алдық», - дейді мамандар.

Елдос Кәкенов, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков