Талдықорғанда «Біржан – Сара айтысы: тарихи шындық пен дерекнама» жинағының тұсауы кесілді
Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Біржан мен Сара айтысы: тарихи шындық пен дерекнама» атты жинақтың тұсауы кесілді. Біржан мен Сара айтысы – қазақ руханиятының алтын қазынасы. Көркем туынды елімізде бұған дейін де бірнеше рет кітап болып басылып шыққан. Бұл жолғысы айтыс мәтінімен қатар тарихи деректерге негізделген зерттеу мақалалардың топтастырылуымен құнды. Жас зерттеуші Ерден Нұрахмет жинақты заманауи технология негізінде құрастырған.
Ерден Нұрахмет, зерттеуші:
- Бұл кітап – жаңаша форматта дайындалған конференция негізіндегі кітап. Жинақ зерттеушілерге, студенттерге құнды мұра болуы үшін барымызды салып дайындадық. Бұл жерден айтыстардың мәтінін, тарихын таба аласыздар және Біржан мен Сара операсы туралы көбірек ақпарат біле аласыздар. Барлық бейнеролик QR-код арқылы осы кітапқа енгізілді.
Біржан мен Сара айтысында салт-дәстүрдің дәріптелуімен қатар қалың малға сатылған қазақ қызының тағдыры арқылы әлеуметтік теңсіздік мәселесі көтеріледі. Көркем де кестелі сөз жарысындағы қос ақынның бір-біріне деген құрметі де шығарманың шоқтығын биіктете түскен.
Жабал Ерғалиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Екі алып ақынның бірін-бірі асқақтата сөйлеуі, аспандатуы, бірін-бірі биікке көтеруі байқалады. Екі ақынның даналығы осы айтыстың биіктігін асқақтатты деп санаймын.
Конференцияда ғалымдар Біржан мен Сара айтысы жайлы баяндама жасады. Бұл «Рухани жаңғыру» жобасы аясындағы жетісулық ақындардың мұрасын зерттеудің бастамасы болмақ. Енді ұйымдастырушылар Бақтыбай мен Сара, Тезектөре мен Бақтыбай, Сүйінбай мен Қатаған айтысын және Қабылиса жырау жайлы тарихи деректерді топтастырып, кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов