Шымкент қаласында «Моя большая казахская семья» фильмінің тұсауы кесілді
Kinopark-Kinoplexx кинотеатрлар желісінің қолдауымен түсірілген отбасылық комедияның тұсаукесері Шымкент қаласында өтті.
Кинокомедияға қарапайым отбасының өмірі арқау болған. Манарбек атты бас кейіпкердің төрт баласы: ұлы және үш қызы бар. Оның тұңғышы армян қызына үйленсе, үлкен қызы кәріске, ал ортаңғысы орысқа тұрмысқа шыққан. Әкесі кенже қызының қазақпен отау құрғанын армандайды. Алайда оның таңдауы африкалық жігітке түседі.
Нұркен Иманқұлов, актёр:
- Актерлердің саны көп. Әрқайсысы басты рөлде. Барлығы кәсіби актерлер. Арасында дебютанттар да бар.
Режиссерлық құрам жаңа фильмді жарыққа шығару үшін барын салған. Сондықтан тек кинотеатрға келіп, үлкен экранда көруге кеңес береді. Себебі бейленеудің озық үлгісі мен жағымды дыбыс екі есе әсер сыйлайды.
Нұржан Еркінұлы, сценарий авторы:
- Біз үш түрлі нұсқасын жаздық. Соңында үшіншісін таңдадық. Тіпті режиссер Ален Ниязбековтың өзі соңында қосылып, сценарийді бірге аяқтадық. «Келісіп пішкен тон келте болмайды», – дейді ғой.
Фильмді қызықтаған көрермен күлкіге қарық болды. Ұтымды әзіл, жоғары сапа, қызықты сценарий көптің көңілінен шықты.
Арон Әшірәлиев, көрермен:
- Фильм өте ұнады. Керемет. Комедия жанрында да қазақтың кейбір преблемалары да бар. Тағы бір ұнаған жері – біздің кең даланы жақсы көрсеткен.
Kinopark кешенінде басты рөлді сомдаған кейіпкерлер мен көзі қарақты көрермен естелікке суретке түсіп, мәре-сәре күй кешті. Кино примераға жиналған қауым осылайша актерлерге ыстық ықыласын білдірді. «Моя большая казахская семья» 23 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов